+7 (701) 759 90 19
USD 428.05 EUR 501.2
RUB 5.47 CNY 63.87
Jańalyqtar

БҚО әкімі өңірдегі блокпосттардың жұмысымен танысты

2020 жылғы 4 сәуір 12:46
Бөлісіңіз:
БҚО әкімі өңірдегі блокпосттардың жұмысымен танысты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданында болып, өңірдегі блокпосттардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Таразда жұқпалы аурулардың таралуына жол бермейтін 2 фильтр бөлме ашылды Алматылық инфекционист пандемия кезіндегі қиындықтар туралы айтып берді ДСМ жұмысын бастайтын кинотеатрларға қойылатын талаптар алгоритмін жариялады

Облыста күшейтілген карантин режимі енгізілуіне байланысты барлығы 90-ға жуық блокпост қойылса, соның алтауы Ақжайық ауданында.

Атап айтқанда, тосқауыл бекеттері Шабдаржап ауылының тұсында, Алғабас, Жайық өзенінің сол жақ бетінде Сарытоғайдың тұсында, Чапаев ауылындағы қалқымалы көпірі тұсы мен Казталов бағытындағы тасжол бойында және Чапаевтан Жаңақала бағытындағы тасжолда орнатылған.

Әр блокпостта ауысыммен 2 бригада қызмет атқарады. Атырау облысымен шекарадағы Шабдаржап ауылындағы және Алғабас ауылының тұсындағы блокпосттарда 4 санитарлық дәрігер және 6 миграциялық, учаскелік, патрульдік полиция инспекторлары қызмет атқаруда.

Блокпосттағы қызметкерлер патрульдік автокөлікпен, қару-жарақпен, бетпердемен, автокөлікті тіркеуге арналған журналмен, анкета парақтарымен және басқа да қажетті құрал-жабдықтарымен (тепловизер, антисептиктермен) қамтылған. Бекеттердің алдында тиісті жол белгілері қойылған.

Шабдаржап ауылы тұсындағы блокпосттан барлығы 5176 автокөлік (жеңіл көлік – 2733, жолаушы тасымалдаушы көлік – 95, жүк көлігі – 2318) өткен. Пост қызметшілері 13845 адамды тексерістен өткізген. Соңғы тәулік ішінде блокпост арқылы Шабдаржап ауылы бойындағы блокпосттан 285 машина жүрген. Орта есеппен алғанда аталған тасжолдан күніне 250-ге жуық автокөлік жүріп өтеді екен.

-Ақпараттық жұмыстардың арқасында екі облыс арасындағы жеңіл көліктердің саны айтарлықтай азайғанын байқаймыз. Өтіп жатқан барлық азаматтар тексеріліп, сауалнама толтырып жатыр, - деді Ақжайық аудандық полиция бөлімінің бастығы Ертас Бисенов.

Облыс әкімі аталған блокпост бойынша тұрғындар тарапынан жиі көлік кептелісі орын алатыны туралы шағым келіп түскенін айтты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, кептеліс ауысыммен жұмыс істейтін адамдардың блокпостты бір уақытта кесіп өту кезінде орын алғанын жеткізді. Екі облыс шекарасынан өтетін адамдардың көбі Ақтөбе облысының азаматтары екен.

«Барлық тексерулерден кейін оларды патрульдік автокөлікпен облыс аумағынан шығарып саламыз. Бізде бекетті айналып өту әрекеті де анықталды. Құқық бұзушы ұсталып, хаттама толтырылды. Қызу көтерілу және басқа да ауру белгілері анықталған жағдайда біз шұғыл түрде жедел жәрдем қызметін шақырамыз», - деді полиция қызметкерлері.

Тексеру барысында облыс әкімі полиция және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері жүргізетін жұмыстың маңыздылығына тоқталып, тексерулерді барынша мұқият жүргізу керектігін атап өтті.

«Нақты сауалнама жүргізіп, жазылған мәліметтерді толық қадағалап отырсақ, облыс аумағында сырқаттанғандарды анықтау жеңіл болады. Соның нәтижесінде біз ауру жұқтырған адам бола қалған жағдайда оның облысқа қайдан келгенін анықтап, байланыста болған адамдарды тез таба аламыз. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын мұқият жүргізіп, олардың сауалнама толтыру кезінде жеке жауапкершіліктері туралы естеріне салып отырудың маңызы зор», - деді өңір басшысы блокпосттағы қызметкерлер бригадасына.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да төтенше жағдай талабын бұзған ақтөбелік тұрғынның қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда арба сүйреген ер адам 9 қабатты үйдің төбесінде серуендеген.

Өңірде шектеу шаралары енгізілгеннен бері 88 адам жауапқа тартылды.

Карантин режимін бұзған тұрғын да ұсталды.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT