БҚО әкімі мен Орынбор губернаторы Жайықты сақтап қалу бағдарламасын талқылады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орынбор және Саратов облыстарының губернаторларымен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орынбор облысының губернаторы Денис Паслермен келіссөз барысында негізгі тақырып Жайық трансшекаралық өзенін сақтап қалу бағдарламасы болды.

Онда Ғали Есқалиев Жайық өзенінің мәселесін шешудің бағдарламасын бірлесіп нақтылау қажеттілігін айтты.

Губернатор Денис Паслер бүгінде Табиғи ресурстар министрлігі Ресей Федерациясының Президентіне бағдарламаның дайындығы және қаржыландыру көзін анықтау туралы есеп дайындап жатқанын атап өтті.

- Бүгінде өңірлер арасында ғылыми ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Мәселен, бұрын батысқазақстандық ғалымдар мен Орынбор сиыр еті институтының қызметкерлері БҚО-дағы қазақтың ақбас тұқымды ірі қара тұқымын өсірумен бірге айналысқан. Осы ынтымақтастықты қайта жандандыру қажет деп санаймын. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы Ресей ғылым академиясы Урал бөлімшесінің дала институтымен, Ресей Федерациясы биологиялық жүйелер мен агротехнологиялар федералды ғылыми орталығымен жұмыс істеуге де мүдделі, - деді БҚО әкімі.

БҚО ет, трансформатор, полиэтилен құбырларын экспорттайды. Орынбор облысында азық-түлік өндірісі жақсы дамыған. Оны Батыс Қазақстанға экспорттаудың болашағы бар. Ғ.Есқалиев екі аймақ арасында іскерлік ынтымақтастық клубын құруды ұсынды.

Облыс әкімдігі Орынбор кәсіпкерлерінің БҚО-ның инвестициялық жобаларына қатыса алатынын айта кетіп, өңірде инвесторларға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Келіссөз барысында Бөрлі ауданының тұрғындарын мазалайтын мәселе де көтерілді. Бұл Орынбор облысының Ташла ауданындағы газ кен орнындағы газ қалдықтарының шамадан тыс ауаға шығуы туралы болды.

Ғали Есқалиев осы мәселе бойынша бақылауды күшейтіп, батысқазақстандық мамандарға газ қалдықтарының ауаға шығу мөлшерін өлшейтін құрылғылармен жұмыс істеуге рұқсат беруді ұсынды. Орынбор облысының губернаторы облыс әкімінің ұсынысын қолдады.

Саратов облысының басшысы Валерий Радаевпен онлайн кездесудегі келіссөз тақырыбы «Фомин» өткізу пункті арқылы автомобильдерді өткізу жұмыстарына дайындық туралы болды. Оның айтуынша, «Фомин» бекетіне дейінгі жолды жөндеу 2021 жылы басталады.

БҚО әкімінің сөзіне қарағанда, ірі қара мал етін аталған пункт арқылы өткізу екі жаққа да тиімді және осы бағыттың үлкен әлеуеті бар екенін айтты. Сондай-ақ БҚО тарапы бекеттің жұмысы жандану үшін қажетті инфрақұрылым салуға дайын екендігі айтылды.

Губернаторлармен болған екі онлайн кездесу барысында облыс әкімі Ғ.Есқалиев эпидемиологиялық ахуал жақсарған жағдайда, келесі жылы экологиялық, спорттық және мәдени іс-шараларды, екі жақты сауда жәрмеңкелерін үзбей өткізіп тұруды ұсынды.

Фото: uralskweek.kz
Соңғы жаңалықтар