БҚО әкімі KKC-Sicim жұмысшыларының наразылығы туралы: Талаптары орынсыз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төребаев Бөрлі ауданында наразылыққа шыққан жұмысшылардың жалақыны 50 пайыз көтеру туралы талабы орынсыз деп есептейтінін мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Ақсайда KKC-Sicim деген компания бар. Компания Қарашығанақ кен орындарында жұмыс істейтін еді. Бүгінгі күнде олардың талаптары - жалақыны 50 пайыз көтеру. Әрине, компанияның басшылары олармен кездесті - компанияның басшы орынбасарлары кешке келіп, таңертең кездесті. Жұмысшылардың қойып отырған талаптарын, мәселелерін тыңдады. Олар 50 пайызға, кей жағдайларда 100 пайызға жалақы көтеру мәселесін көтеріп отыр. Мұның бәрі заң аясында қаралады», - деді ол Үкімет кулуарында.

Оның айтуына қарағанда, аталған компанияда 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

«Менің ойымша, талаптары орынсыз. Себебі олардың екі ортада ұжымдық келісімшарты бар. Оның сыртында әрбірімен, жұмыс беруші мен жұмысшының арасында жеке келісімшарттар бар. Сондықтан сол келісімшарттарда қаралған міндеттемелерде жалақыны 50 немесе 100 пайыз көтеру деген жоқ. Қысқаша айтқанда, олардың келісімшартында айлықты 20 пайыз көтеру мәселесі айтылған. Сондықтан мен сол міндеттемелерге сүйеніп айтып отырмын. Ол жерде орташа жалақы 280 мың теңгенің айналасында.

Ертең кешке компанияның ең үлкен басшысы Италиядан келеді. Сол келген соң жұмысшылармен тағы кездеседі. Заң талаптары бойынша олар жұмысқа шығуы керек. Олар жұмысқа қазір барған жоқ. Себебі өздерінің келісімшарттарында қаралмаған жалақыны сұрап отыр. Сондықтан бұл жерде заңға сәйкес шаралар қабылданады. Ол жерде 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді», - деді облыс әкімі.

Еске салайық, кеше Батыс Қазақстан облысында 500 қызметкер жұмысқа шығудан бас тартқанын, кейін бұл мәселеге қатысты өңір әкімдігі түсінік бергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар