БҚО әкімі Елбасы атынан бес майдангерді құттықтады (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан бес майдангерді жаңа жылмен құттықтап, мерекелік сыйлықтар табыс етті.

Өңір басшысы алдымен Ұлы Отан соғысына қатысқан белгілі батысқазақстандық тарихшы-ғалым Павел Букаткиннің үйінде болды. Соғысты Прагада аяқтап, майдандағы ерлігі үшін үш бірдей Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған Павел Романович көп жыл бұрынғы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұстаздық етті. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, алты монография, жүзден астам ғылыми және әдістемелік еңбектердің авторы 91 жасқа толса да, еңбектен қол үзе қойған жоқ.

- Жаңа жыл қарсаңында Елбасымыздың құттықтауы мен үшін екі есе маңызды болып тұр. Себебі аздап сырқаттанып, емделіп жүр едім. Енді мынадай жылы сөздерден кейін қуаттанып, жұмысқа тез шығып кетемін деп ойлаймын. Жалпы, мен соғыс тарихын көп зерттедім. Соның ішінде Сталинград шайқасының қазақстандықтар үшін маңызы зор. Жау ұшақтары Батыс Қазақстан облысының соғыс жағдайында деп жарияланған Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын жиі бомбалап, осындағы темір жол және басқа стратегиялық мәні зор нысандарды істен шығаруды жоспарлады. Бірақ халықтың өз жерін ерлікпен қорғауы арқасында олардың ойлағаны жүзеге асқан жоқ. Сол күндер мәңгі ұмытылмақ емес, - деді П.Букаткин.

Сталинград үшін айқастың қаншалықты қиынға түскендігін жан-тәнімен сезінгендердің бірі - қазір тоқсан екі жастағы Мұхтар Әжіғұлов. Өзінің айтуынша, сол кездегі Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданынан екі мәрте 365 адамнан әскерге алынды. Олар бірден Ордаға тиіп тұрған Сталинград майданының қанды қасабына түсті, әзірлік те, қару да жеткілікті болған жоқ. Солардың тең жартысы бес қаруы сайма-сай қаптаған дұшпанға қарсы тұрып, ерлікпен қаза тапты. Тіпті темір жол торабында орналасқан Сайқынның өзінде жау бомбасынан көз жұмғандар, жараланып, кері қайтқандар да болды. Тарихтың осындай беттерін де тереңірек зерттеу керек. «Президентіміздің майдангерлерді осылайша жеке-жеке, арнайы құттықтап жатқандығына дән ризамыз. Бізді құрметтеп, бағалағандары үшін алғыс айтамыз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Елбасымыз жариялаған «Нұрлы жолмен» алға баса берейік», - деді М.Әжіғұлов.

Елбасы сыйлығын алғандардың бірі Иван Гапич Украина, Польша, Чехословакия жерлерімен жүріп өтіп, «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. 1945 жылғы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан ол прокуратура органдарының ардагері. Соның ішінде 1966-1986 жылдары БҚО прокурорының бірінші орынбасары болды. Ал Лидия Губанова радист ретінде Сталинград, Курск иініндегі, Прага түбіндегі шайқастарға қатысты. Көп жыл облыстық кітапхана директоры қызметін атқарды, 1971 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Бұл ардагерлердің де кейінгі ұрпаққа айтары мол.

Республикаға танымал қайраткер, кезінде Батыс Қазақстан, Көкшетау облыстарында басшылық қызметтер атқарған Бисен Жұмағалиев осы өңірдің шежіресін, өткен-кеткенін жақсы біледі. Ленинград майданында болған ол қазақ тіліндегі «Отанды қорғауға» атты майдандық газетте қызмет істеген. Қазір еліміз бойынша майдан журналистерінен көзі тірі Бисен Жұмағалиев қана. Соғыстан кейін облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінің редакторы болған ол бірнеше кітап та жазды. Соңғы жылдары облыс әкімінің кеңесшісі ретінде өңірдің қоғамдық-саяси саласына белсене араласып келеді. Жуырда ғана 92-ге толған ақсақал облыстық кардиологиялық орталыққа түсіп қалған екен. Ол да Елбасы сәлемдемесін алып, көңілі бір көтеріліп қалды.

Облыс басшысы майдангерлермен емін-еркін әңгімелесіп, домбыра да шертіп берді.

Президент сыйлықтарын табыс ету өңірде одан әрі жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар