БҚО әкімдігінің басшылығы ҰОС ардагеріне құрмет көрсетті

None
None
ОРАЛ. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен өңірге танымал Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Қарасай Тұрашевті қабылдап, 85 жасқа толуына байланысты құрмет көрсетті.

Қарасай Тұрашұлы - Бөрлі ауданының тумасы. Соғыс жылдарында ол Омбы қаласындағы арнаулы мектепті аяқтап, чекист ретінде 1945 жылдың қаңтарынан майданда болып, Румыния, Венгрияны азат етуге қатысты. 1945-1952 жылдары әскери қызметте болды.

Орал пединститутының география факультетін бітіріп, облыстық білім беру басқармасында жұмысын жалғастырды. 1959 жылдан зейнетке шыққанға дейін көп жыл бойы Орал пединститутында аға оқытушы, доцент, декан міндеттерін атқарды. Соғыстағы ерлігі үшін екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені және өзге өңірге тағар белгілермен марапатталса, ұстаздық жұмысында одақтық және республикалық  деңгейдегі «Халыққа білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды.

«Еңбегіңізді ел біледі. Ардақты жұбайыңыз Мәриям Мамайқызы екеуіңіздің білім беру саласындағы еңбек өтіліңіз бір ғасырға жуық. Мұндай өмірдің нәтижесімен екінің бірі мақтана алмас. Енді деніңіз сау болып, ұл-қыздарыңыз бен немере-жиендеріңіздің қызығын көруге жазсын», - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен.

Соңғы жаңалықтар