БҚО: 25408 мүгедектің 15690-ы еңбекке қабілетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 25408 мүгедек бар, бұл - облыс халқының 3,8 пайызы, соның 11 мыңнан астамы Орал қаласында тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үнемі назарда болмақ. Бұл туралы «Мүгедектердің қоғамға етене араласуында жұмыспен қамтудың, шағын және орта кәсіпкерліктің маңызы» деген тақырыпта өткізілген дөңгелек үстел отырысында айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің мәлім еткеніндей, солардың ішінде 15690-ы еңбекке қабілетті. Қазіргі таңда мүгедектерге мемлекет тарапынан түрлі қызмет көрсетілумен қатар олардың жұмыспен қамтылуына да барынша жағдай жасалып келеді. Мәселен, өткен жылы 765 мүгедек жұмыс орнымен қамтылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 2013 жылы өз кәсібін бастаған 19 мүгедекке 22 млн., өткен жылы 48 млн. теңге шағын несие берілді. «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына орай мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасына сәйкес 2012 жылы 37, 2013 жылы 53, 2014 жылы 159 адам еңбек орнын тапты. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасады.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов мүмкіндігі шектеулі жандардың да өмірден өз орындарын тауып қана қоймай, түрлі салада табыстарға жетіп жүргендігін атап өтті. Отырыс барысында мүгедектерді жұмысқа орналастыру тетіктерін жетілдіру, оларға өз ісін кеңейту үшін жеңілдікпен несие беру жолдары және басқа өзекті мәселелер сөз болды. Бұларды шешу жөнінде қала, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Соңғы жаңалықтар