Бизнестің жол картасы: Өскемендегі емханаға заманауи жабдықтар алынды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы «Евромед» емханаларында ем-дом қабылдайтын науқастарға барлық жағдай жасалған. Жекеменшік медициналық мекемеге «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. ҚазАқпарат тілшісі ЖШС-ның қаржы директоры Ольга Анатольевнамен тілдесіп, мемлекет тарапынан берілген соманың қалай пайдаланылып жатқандығын сұрап көрді.

«2010 жылдың қазан айында Өскеменде алғашқы емханамыз ашылды. Сол кезде медициналық мекемеде жалпы саны 70 маман жұмыс істеген-тұғын. Екі жылдан кейін «Даму» қоры арқылы қаржылай қолдау алдық. Осының нәтижесінде, Шығыс Қазақстан бойынша тұңғыш жекеменшік стационар жұмысын бастады. Ғимаратты жалға алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сөйтіп, ЖШС-дағы штат саны 130-ға дейін ұлғайтылды», - деді Ольга Анатольевна.

Мемлекет тарапынан бөлінген қаражат кәдеге жаратылып, стационарлық және амбулаториялық емдеу жобалары сәтті жүзеге асырылған. Пластикалық хирургия, травматология, лор және урология сынды салалар бойынша қызмет түрлері кеңейтілді.

«Жылдан жылға медициналық мекемеге келіп ем-дом қабылдайтын науқастар қатары көбейе берді. Бұл халықтың аталмыш емханадағы ақ халаттыларға, көрсетілер көмектің сапасына берген оң бағасының белгісі», - дейді «Евромед» ЖШС қаржы директоры.

2019 жылы серіктестікке «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 163 млн теңге мөлшерінде қаржы берілген. Бұл сомаға осыған дейін жалға алынып келе жатқан ғимарат сатып алыныпты. Осының арқасында ай сайынғы шығын барынша азайтылған.

«Биыл бізге медициналық жабдықтарды жаңартуға мемлекет тарапынан 25 млн теңге көлемінде қаржылай демеу көрсетілді. Әлбетте, денсаулық сақтау саласындағы жекеменшік компаниялар қолдау тауып жатқаны құптарлық іс. Әсіресе осынау пандемия кезінде кәсіп иелері көп қиындыққа тап болды. Сын сағатта дәрігерлердің қоғамдағы рөлі қаншалықты маңызды екендігі айқын көрінді. Коронавирус инфекциясы өршіп кеткен кезде өзіміз жеке қорғаныс құралдарының тапшылығын сезіндік. Шетелден әкелінетін дәрі-дәрмек бағасы да қымбаттап кетті. Бірақ барлық қиындықтарды ойдағыдай еңсеріп келе жатырмыз. Ұжымда қысқарту жүргізілген емес. Барлық қызметкерлерімізге жалақы уақтылы төленіп отыр», - деді Ольга Анатольевна.


Соңғы жаңалықтар