«Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы қарашада қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы қараша айында қабылданады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел экономикасын тиімді ұлғайтудың басты факторларының бірі - бизнес. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнес рөлін күшейту және оның үлесін арттыру ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін факторлардың бірі екендігін атап өтті. Мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында ШОБ рөлін күшейту және оның ел экономикасында үлесін 2025 жылға қарай кемінде 35 пайызға жеткізу міндетін қойды. 2050 жылы біз 50 пайызға жетуіміз керек», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, аталған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша тиісті жұмыс атқарылуда. Қабылданған шаралардың арқасында Қазақстан Doing Business рейтингінде бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 25-орынға көтерілді.

«Бағдарлама да өз тиімділігін дәлелдеді. Нәтижесінде бағдарламаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсерінен ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі 2015 жылғы 24 пайыздан 2018 жылы 28 пайызға өсті. Шығарылған өнім көлемі 10 трлн теңгеге артты. Бұл көрсеткіш 13,3 трлн теңгеден 23,4 трлн теңге дейін ұлғайды. Ал ШОБ саны 900 мыңнан 1,3 миллионға дейін артты», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының дерегінше, бағдарлама жүзеге асырылған жылдары 342 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 94 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.

«Президент тапсырмасы бойынша жаңа бағдарлама аясында алдағы 5 жылға 421 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырдық. Бұл аяқталып жатқан бағдарламаның қаражатына қарағанда 1,5 есе көп. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қазір бағдарламаның барлық операторлары мен әкімдіктер арасына үйлесімді жұмысты жолға қою керек. Осыған орай Ұлттық экономика министрлігіне мынадай тапсырма береміз. Бірінші, осы жылғы қарашаның соңына дейін »Бизнестік жол картасы - 2025« бағдарламасын қабылдауды қамтамасыз етіңіздер. Екінші, мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен осы жылдың соңына дейін бағдарламаны іске асыру үшін қажетті нормативтік актілерді қабылдау қажет. Үшінші, әкімдіктермен, »Атамекен« палатасымен және »Даму« АҚ-ымен бірге жаңа бағдарламаның тәсілдерін, мүмкіндіктері туралы кәсіпкерлер арасында ақпараттық түсіндір жұмысын жүргізіңіздер», - деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар