«Бизнестің жол картасы-2020» аясында жобаларды субсидиялау 1,5 млрд теңгеге дейін азайтылды

None
None
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында субсидияланатын жобалардың ең жоғарғы мөлшері 4,5 млрд теңгеден 1,5 млрд теңгеге дейін азайтылды. Бүгін брифингте ҚР Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева осылай мәлім етті.

Комитет төрайымының айтуына қарағанда, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының шарттарын жетілдіру мақсатында Үкімет бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізген болатын. Бұл негізінен шағын және орта бизнес нысандарын барынша қамту мақсатын көздейді. «Осыған орай, бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес, екінші деңгейлі банктер кредитінің сыйақы ставкасын субсидиялау бойынша жобалардың ең үлкен сомасы 4,5 млрд теңгеден 1,5 млрд теңгеге дейін азайтылды. Бұл өз кезегінде бюджеттік шығынды оңтайландыруға, ірі жобаларды іске асыру бойынша тәуекелдерді төмендетуге және шағын және орта бизнесті қамту аясын кеңейтуге мүмкіндік береді», - дейді Ғалия Жолдыбаева.

Оның айтуынша, бұдан бөлек 1,5 млрд теңгеден 4,5 млрд теңгеге дейінгі жобалар бойынша жаңа субсидиялау тетігі де қаралып отыр. Бұған қатысты кәсіпкердің жобасына қосымша экономикалық талдау жүргізуді және бағдарламаның жұмыс органымен келісу көзделеді.

Соңғы жаңалықтар