«Бизнестің жол картасы - 2020» аясында бөлінетін қаржыны халық санына байланысты қайта қарау керек - Г.Қарағұсова

None
None
АНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жөніндегі комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова «Бизнестің жол картасы - 2020» аясында бөлінетін қаржыны халық санына байланысты қайта қарау керек деген пікірін алға тартты.

Оның пайымдауынша, жаңа өндірістерді дамытудағы кәсіпкерліктің бастамаларына қаржыландыру және заем құнының жоғарылығы тосқауыл болып отырған көрінеді. Ол барлық үш бағыт бойынша да несие ұсыну ережесін қайта қарап шыққандықтарын атап өтіп, «олардың іс жүзінде банк несиесінен еш айырмашылығы жоқ», деді.

Бұл орайда ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Арман Әбенов қазіргі уақытта жобаларды іріктеу үрдісі өтіп жатқандығын айтады. «Өңірлер бойынша қаржы бөлу халық саны бойынша жүргізілді. Осыған орай көптеген аймақтар өз қауіптерін айтып отыр. Біз бағдарламаның қалай өрбитінін бақылап көреміз. Соның негізінде келесі жылы басқа сызба, яғни өңірдің халық санына орай емес, тұтынуына байланысты бөлетін боламыз», деді.

«Бизнестің жол картасы - 2020» ҚР Президентінің ағымдағы жылғы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын және елдің 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Оны жүзеге асыру үшін 2010 жылы республикалық бюджеттен 30 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның 12 миллиарды жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға, 16 миллиарды кәсіпкерлік секторды сауықтыруға және 2 миллиарды экспортқа бағытталған өндірісті қолдауға беріледі.

Соңғы жаңалықтар