Бизнестің инновациялық өндірістік үлесі өте төмен болып отыр - Т. Абайділдин

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шағын кәсіпкерліктің салалық құрылымындағы бизнестің инновациялық өндірістік үлесі  өте төменгі көрсеткіште қалып отыр.

Бүгін «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасындағы кездесу барысында ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің хатшысы Талғатбек Абайділдин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың шілде айындағы жағдай бойынша елімізде 1 млн. 47 мың  бірлікті құрайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Бұның ішінде заңды тұлғалардың жалпы санының 23 пайызы шағын және орта бизнеске жатады екен. Ал, жеке кәсіпкерліктер 61,3 пайызды, фермерлік-шаруа қожалықтары 18,4 пайызды құрап отыр. Бұл саланы талдау барысында шағын және орта кәсіпкерліктің айтарлықтай бөлігі сауда саласына қарай бағытталып отырғанын аңғарамыз. Бір өкінерлігі, шағын кәсіпкерліктің салалық құрылымындағы бизнестің инновациялық өндірістік үлесі  өте төменгі көрсеткіште қалуда. Мемлекеттің шағын және орта бизнеске айтарлықтай қолдау жасағанына қарамастан, бұл салада соншалықты серпіліс болмай отыр», деді Т. Абайділдин.

Сонымен бірге, сенатор Мемлекет басшысының іскер климат пен кәсіпкерлікті белсендіру туралы стратегиялық міндеттеріне тоқтала келіп, бұл бағыттағы нормативтік құқықтық қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары тауарлар мен қызметтерге қатысты қазақстандық мөлшерді арттыру жұмыстары белсене түсіп, шағын бизнесті қаржылық қолдауға тиісті қаражат қарастырылып отыр.   

Соңғы жаңалықтар