Бизнесті заңсыз тексеруден қалай қорғауға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жеке кәсіпкерлерге заңсыз тексерудің алдын алу жөнінде кеңес берді. Сондай-ақ, «Qamqor» мобильді қосымшасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шағын және микро кәсіпкерлікті тексеруге 3 жылдық мораторий қолданылады. Бұл мораторийге халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға жаппай қатер төндіретін бұзушылықтарды болдырмауға немесе заңдылықты жоюға және т.б. негіздерге бағытталған тексерулер кірмейді. Мысалы, адамдардың улануы, өрт, жалақы төлемеу жағдайында жүргізілетін тексерулер осы мораторийдің қолданысына жатпайды. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті өзінің қадағалау қызметі аясында осындай тексерулердің есебін ғана жүргізіп қоймай, оларды тағайындаудың заңдылығын да тексереді», - дейді комитет .

Талдау көрсеткендей, мораторий және қолданыстағы карантиндік шектеулер 2020 жылы бизнеске қатысты тексерулер санының 5 есе төмендеуіне ықпал еткен. 2019 жылы кәсіпкерлер 128 мың рет тексерістен өтсе, 2020 жылы тексерулер саны 27 мыңнан асты, биылғы 5 айда 5 мың тексеру болған.

Сонымен қатар, жыл басынан бері шағын және микро бизнесті тексеруге мораторий аясында комитет қызметкерлері 30-ға жуық заңсыз тексерулердің жолын кескен.

«Барлық тексерулерді есепке алу мен тіркеу процесі «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) ақпараттық жүйесінде цифрландырылған. Жүйе ең алдымен бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау үшін құрылған, ол мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын қамтамасыз етеді. ТСОБТ аясында «Qamqor» мобильді қосымшасы әзірленді, ол арқылы кәсіпкерлер алдағы тексерулер туралы хабарламаларды алады, онлайн режимде шағым бере алады. Қазіргі таңда қосымшаны 110 мыңнан астам кәсіпкер қолданады», - деп түсіндірді комитет.

Егер кәсіпкерлер тексеруші орган қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекетке тап болса, Бас прокуратураның call-орталығының 115 бірыңғай нөміріне хабарласа алады немесе комитетке және оның аумақтық органдарына жүгінуге болады.

«Сонымен бірге, кез келген кәсіпкер www.qamqor.gov.kz ақпараттық сервисінде тиісті жолға акт нөмірін енгізу арқылы тексерудің заңдылығын көре алады. Сол жерде органның атауы, тексеру кезеңі, тексеруші тұлға туралы деректерді алу арқылы тексерудің тіркелгеніне көз жеткізуге болады. Егер ондай ақпарат болмаса, тексеру прокуратура органдарында тіркелмеген және ол заңсыз болып табылады», - дейді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті.


Соңғы жаңалықтар