Бизнесті қорғау - бәсекелестікті дамытуды білдіреді - Үкімет басшысы

None
None
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов бәсекелестікті дамытуға арналған үлгілік заң жобасымен жұмысты жалғастыруды жүктеді.

«Кез келген мемлекеттің даму деңгейі - бәсекелестікті дамыту деңгейіне тікелей байланысты. Бизнесті қорғаудың өзі еліміздегі бәсекелестікті дамытуды білдіреді. Біз оны реттеуді азайтқан сайын, нарықтың өзі экономиканы дамытуы керек. Бүгінгі күні үлгілік заң жобасын талқылау аяқталып қалды, екі жыл бойы жүргізілді. Бұл заң біздің еліміздің монополияға қарсы заңнамасын халықаралық деңгейге жақындатады. Сонымен бірге, біздің ұлттық заңнамамызды да жетілдіре түсудің маңызы зор», - деді С. Ахметов.

Бұл ретте Үкімет басшысы экономиканың жекелеген сегменттерде жеткілікті түрде бәсекелестік дамымай отырғанын да атап өтті. «Мемлекеттік сатып алуларда, темір жол көлігінде, фармацевтика салаларында, отын-энергетика, телекоммуникацияда бәсекелестік жеткіліксіз. Рұқсат беру және келісім жүйелері де жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай, үлгілік заң жобасымен жұмысты жалғастыруымыз керек», - деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар