Бизнесті қолдау, қолжетімді баспана, экспортты дамыту: «Бәйтерек» холдингінің жұмыс бағыты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ірі, орта және шағын бизнес қандай қолдау алып жатыр? Қазақстанның экспорттық әлеуеті қандай қарқынмен даму үстінде? Қолжетімді баспананы қаржылық қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылып жатыр. Осы және өзге де өзекті сауалдарға әлеуметтік желіде өткен онлайн эфир барысында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Айдар Әріпханов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айдар Әріпхановтың атап өтуінше, «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес ұйымдарын ғана басқарумен айналыспайды. Сонымен бірге өз деңгейінде «пакеттік» принцип бойынша қолдау шараларын ұсыну үшін экономиканың басым салаларындағы жобаларды құрылымдайды. Бұл дегеніміз, бір жоба өзінің қажеттіліктеріне сәйкес холдингтің бірнеше еншілес ұйымының қолдауын бірден ала алады. Мұндай жобалар химия, тамақ және металлургия, сондай-ақ машина жасау және электр жабдықтары секторларында жүзеге асырылды.

«Менің өзім және ұжымым «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысын қаржыландыруға қатысқанымызды ерекше мақтан тұтамыз, себебі ол біздің қаржылық қолдауымызбен аяқталды және пайдалануға берілді. Жақында үш миллионға жуық қазақстандық оның пайдасын көретін болады. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында газ тарату желілері қазірдің өзінде тұрғын үйлерге қосылуда«, - деді ол.

Ірі бизнесті қолдау

Айдар Әріпханов ірі бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Бұл бағыттағы холдингтің көшбасшы еншілес ұйымы - Қазақстанның даму банкі.

»ҚДБ экономиканы әртараптандыруға айтарлықтай ықпал ететін ірі өндірістік жобаларға қаржылық қолдау көрсетеді. Олар бюджетті толықтырып, жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда банктің портфелінде 55 инвестициялық жоба және 6,3 трлн теңгеге 15 экспорттық операция бар«, - деді ол.

ҚДБ-нің маңызды бағыттарының бірі жеңілдетілген кредит беру болып табылады. Бұл тұрғындарға автомобильді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге бұл отандық автомобиль өндірушілерін айтарлықтай қолдау болып табылады, өйткені жеңілдетілген кредит отанымызда құрастырылған автомобильдерді сатып алуға беріледі. Олардың тізімі 42 автомобиль моделін құрайды. Бағдарлама 2015 жылғы 20 сәуірде іске қосылды. Осы уақыт аралығында жалпы сомасы 98,2 млрд теңгеге 20 629 кредит берілді. Сонымен қатар, осындай қолдау бағдарламасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне де көзделген.

»Бұған дейін біз ҚДБ-нің еншілес ұйымы - «ҚДБ-Лизинг» Қазақстан Үкіметі жүргізіп отырған дағдарысқа қарсы саясат аясында отандық ауылшаруашылық техникаларын сатып алу бойынша арнайы ұсынысты бастағаны туралы хабарлаған болатынбыз. Біздің компания фермерлерге отандық ауылшаруашылық техникаларын (комбайндар мен тракторларды) сатып алу үшін өз қызметтерін бастапқы жарнасыз қаржыландыру мүмкіндігімен ұсынады. Негізгі қарызды өтеудің кемінде 1 жыл жеңілдікті кезеңі қарастырылған. Бағдарлама фермерлердің 76 пайызға ескірген техника паркін жаңарту қабілеттілігін 30 пайызға арттырады«, - деді холдинг басшысы.

Шағын және орта бизнесті қолдау

»Бәйтерек« холдингінің басшысы бизнестің дамуын қолдайтын бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жетілдірілген, бұл ретте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры - осы бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдау шараларының негізгі қаржы операторларының бірі саналатындығын атап өтті.

«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кредиттің жоғары шегі арттырылып, салалық шектеулер алынып тасталды. Кәсіпкер үшін 6 пайыз деңгейінде мөлшерлеме біріздендірілді, жекелеген салалардағы ірі бизнес субъектілерінің жобалары енгізілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бағдарламаны жалпы қаржыландыру 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Басым тауарлардың тізбесі кеңейтілді және т.б. Осы өзгерістердің арқасында төтенше жағдай кезінде «Бәйтерек» холдингі дағдарысқа қарсы тиімді құрал рөлін ойдағыдай орындады және оны жалғастыруда«, - деді ол.

Оның дерегінше, осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы жалпы сомасы 50,4 млрд теңге болатын 822 жобаға қолдау көрсетті. Кепілдік құралы арқылы жалпы сомасы 20,9 млрд теңге болатын 468 жоба бойынша шартқа қол қойылды, кепілдік сомасы 7,2 млрд теңгені құрады.

Экспорттық әлеуетті арттыру

Бұл бағытта холдинг жанында мамандандырылған институт – «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы жұмыс істейді. Оның құрамында отандық экспорттаушыларды қолдаудың 14 құралы бар. «Бәйтерек» холдингінің құрамында жұмыс істеген кезеңінде KazakhExport шағын компаниядан толыққанды ұлттық компанияға айналды. 90,9 млрд теңге сомасындағы капиталдандыру арқасында KazakhExport сақтандыру қабілеттілігін арттырды. Сонымен қатар, 2019 жылдың желтоқсанында Үкімет KazakhExport міндеттемелері бойынша 10 жылға 102 млрд теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік берді.

«Осы жылдың басынан бері KazakhExport 46 қазақстандық экспорттаушыға қолдау көрсетті. Олардың ішінде 20-дан астам компания төтенше жағдай кезінде 7 млрд теңгеден астам қаражат алды. Компания жыл басынан бері қабылдаған міндеттемелердің көлемі 23 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың 1-тоқсанындағы қолдау келісімшарттарының сомасы 90,5 млрд теңгеден асты», - деді холдинг басшысы.

Оның атап өтуінше, 2017 жылдан бастап, яғни қайта құрылғаннан бері қолдау көрсетілген экспорттаушылардың жалпы саны - 113 отандық компания.

Тұрғын үйдің қаржылық қол жетімділігін қамтамасыз ету

Холдинг Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы бағдарламаларының бірыңғай операторы болып табылады. Ол өз жұмысын еншілес ұйымдар арқылы жүргізеді. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі - бүгінде оны тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін іске асыратын халық банкі деп атауға болады. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды әлеуметтік бастамасы - «Бақытты отбасы» бағдарламасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылуда.

«Өткен жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 50 млрд теңге бөлініп, ол сәтті игерілді. Бес мыңға жуық жеңілдетілген қарыз берілді. Биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 23 млрд теңгеге 2 346 өтінім мақұлданды. Жалпы, 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 100 млрд теңгеге кемінде 10 мың қарыз беруді жоспарлап отырмыз», - дейді Айдар Әріпханов.

Холдингтің еншілес тағы бір ұйымы - Қазақстандық ипотекалық компания екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық қарыздарын сатып алу арқылы ипотека нарығын дамытуға ынталандырады. Жұмыс істеуді бастағаннан бері ҚИК 244 млрд теңгеге 66 мыңнан астам ипотекалық қарыз алды.

«Сонымен қатар, біздің құрамымызда үлестік құрылысқа қолдау көрсететін Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры жұмыс істейді. 2019 жылы Қор жеке құрылыс салушылардың 23 жобасына 90 млрд теңге сомасына кепілдемелер берді. Биыл біз 60 млрд теңге сомасындағы 15 жобаға кепілдік бердік. Тұрғын үй құрылысында «Даму» қорының да үлесі бар екенін айта кету керек. Коммерциялық кредиттер құнын төмендету үшін біздің Қор 105 млрд теңгеге жеке құрылыс салушылардың жобаларын субсидиялады«, - деді ол.

Айдар Әріпханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сингапурдың Housing and Development Board моделі бойынша үш еншілес ұйымды - Бәйтерек девелопмент, Қазақстандық ипотекалық компаниясын және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын біріктіру арқылы тұрғын үй бағдарламалары саласында Бірыңғай оператор құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқандықтарын айтты.

»Тиісті Заңға Президент қол қойды«, - деді холдинг басшысы.

Оның атап өтуінше, холдингтің тұрғын үй блогын оңтайландыру жалпы әкімшілік шығындарды 30 пайыздан астамға қысқартады. Бірыңғай оператор әкімдік облигацияларын сатып алу, үлестік құрылыстың аяқталуына кепілдік беру, жеке құрылыс салушыларға коммерциялық кредиттерді субсидиялау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және жүзеге асыру және басқа да көптеген құралдар арқылы қол жетімді тұрғын үй салу бойынша тек жеке құрылыс салушылармен және әкімдіктермен жұмыс істейді.

»Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ағымдағы жылдың соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің негізінде толыққанды дамыту және қолдау институты - «Отбасы банкі» құрылатын болады. Ол тұрғын үйді есепке алуды, кезекке қоюды және таратуды орталықтандыра жүзеге асырады. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін кезекте тұру жүйесін әкімдіктерден баспана жоқ отбасылар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Отбасы банкіне» беру жоспарлануда«, -деді ол.

Қазақстанда венчурлік қаржыландыруды дамыту

Венчурлық қаржыландыру - бұл шағын, бірақ перспективалы бастаушы компанияларға олардың дамуының бастапқы кезеңіндегі инвестициялар. Бірақ классикалық инвестициялардан айырмашылығы, салымдарды жоғалту қаупі өте үлкен - егер жобалардың 80 пайызы нәтиже бермесе де, басқа сәтті инвестициялардан түскен пайда қалған бөлігін өтейді.

»2019 жылы біз еншілес ұйымымыз Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігімізді қайта құруды аяқтадық. Енді ол QazTech Ventures деп аталады. Қазір бұл өзін-өзі қамтамасыз ететін ұйым, инновациялық жобаларды қаржыландыру мен басқаруға арналған қорлардың венчурлық қоры. Бұл модель көптеген дамыған елдерде сәтті қолданылуда. Біз штат санын екі есеге қысқартып, компанияның проблемалық портфелін тазарттық«, - деді холдинг басшысы

Оның дерегінше, өткен жылы QazTech Ventures алғаш рет пайдаға қол жеткізді және соңғы жарты жылда бірлесе инвестициялауға АҚШ-тың «500 Startups» және Сингапурдың «Quest Ventures» жетекші венчурлық қорларын қазақстандық стартаптарға әрі қарай қаржыландырумен тарту мүмкін болды.

Жалпы, холдингтің 2019 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық нәтижесі келесідей. «Бәйтерек» холдингі арқылы жүзеге асырылған шаралардың арқасында сегіз мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Қолдау алған кәсіпорындар бюджетке 300 млрд теңгеден астам салық төледі. Олар 2,5 трлн теңгенің өнімін өндіріп, экспортқа жарты триллион теңгенің өнімін сатты.


Соңғы жаңалықтар