Бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау қажет – депутат жауабы

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Jibek Joly» телеарнасындағы «Жаңа уақыт» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов бизнеске мемлекеттен қандай қолдау қажет екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, кез келген дамыған ел сияқты, экономиканың дамуына негіз болатын - шағын және орта бизнес. Бұл бағытта Мемлекет басшысы қысқа және ұзақ мерзімде орындалуы тиіс тиіс міндеттерді жүктеді. Президент кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттен барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Тиісінше, бизнес өз тарапынан әлеуметтік жауапкершілік танытуы қажет. Ол - жаңа жұмыс орындарын құру, жалақы, салық төлемдері, жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті тауарлар өндіру ісі. Ол үшін не қажет? Ең маңыздысы – реттеу тетіктерін басынан бастап қолға алу қажет. Мемлекет басшысы жүздеген ереже мен тәртіпті алып тастап, бизнес алдындағы жаңа міндеттерді айқындау тапсырды. Осы орайда, Салық кодексіне көптеген өзгеріс енеді деп күтілуде», - деді депутат.

Сұхбат барысында Қайнар Абасов бизнеске мемлекеттен қандай қолдау шаралары қажет екенін де тоқталды. Оның айтуынша, елге тартылған инвестициялар тұрақты жұмыс істеп тұрған әрі болжам бойынша шығыны өтелетін жерлерге бағытталады. Сондықтан бизнес мемлекеттен кезең-кезеңімен жүйелі іске асатын, дамуға мүмкіндік беретін шешімдерді талап етеді. Депутат пайымынша, бұған қол жеткізу жолында ашық салық жүйесі, әділ мемлекеттік сатып алулар және мемлекетпен өзара қарым-қатынас реттелуі тиіс.

«Қазіргі Салық кодексіне қабылданған сәттен бастап көптеген өзгерістер енгізілді. Бұл дамуды айтарлықтай тежеп отыр. Егер түсінікті салықтық-фискалдық саясат болса, инвестиция тартылатын болады. Яғни, Президент айтқандай, бұл сараланған, бизнесті ынталандыратын кодекс болмақ. Ең бастысы - Салық кодексі бюрократиядан аулақ болуы керек. Қарапайым тілмен айтқанда, барлық ережелер ешқандай қиындықсыз іске асуы маңызды. Бүгінгі таңда салықтық әкімшілендіру - бизнес үшін үлкен мәселі», - деп түйіндеді Қайнар Абасов.


Соңғы жаңалықтар