Бизнесте де жауапкершілік болуы керек - Абылай Мырзахметов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Almaty Invest forum-да «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Алматы әкімдігі арасында болған диалог туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов Алматы әкімдігімен өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа құрылған серіктестік орнатылғанын атап өтті.

 «Үш жыл бойы Алматыда сауда орындарына, лифтілерге, автотұрақ пен базарларға қатысты көп өзгерістер орын алды. Біз ылғи әкімдікпен байланыстамыз. Ай сайын әкімдікпен кездесіп, бар мәселені ашық талқылай алатынымыз және оны шешу жолдарын бірге қарастыратынымыз қуантады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Жол картасы бар. Біз онда автотұрақ пен базарларды жабу секілді барлық мәселені ашық талқылаймыз. Үш жыл бұрын кәсіпкерлікке кедергі жасамау керек дедік. Ал әкімдік болса  тұрғындарғы ыңғайлы қала жасауға басымдық беруді ұсынды. Қазір әкімдік азаматтар үшін де, кәсіпкерлік үшін де диалогтың болғаны дұрыс екенін түсінді. Ең бастысы, қаланың инфрақұрылымын жоспарлау жүзеге аспақ. Панфилов көшесінің бойында қалай болса, солай салынған кішігірім сауда орындары көп. Оларды алып тастаса, кәсіпкерлер наразылық танытуы мүмкін. Бизнестің тұтынушылар алдында да жауапкершілігі болуы керек. Бәріміз жайлы қалада өмір сүруге тиіспіз», - деді Абылай Мырзахметов.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қазақстанда бизнес үшін көп жағдай жасалғанын және бизнестің өскенін айтып өтті. Оның пікірінше, бұл көрініс Алматыда айрықша көзге түседі.

«Бизнестің алдына жауапкершілік қою керек. Мемлекет тарапынан қадағалау көп нәрсені түзетті. Сонымен қатар сақтандырушылар бақылап, өздері реттеп отыра алатын рейтинг жүйесін жасамақпыз. Бұл - күн тәртібіндегі мәселе. Әкімдік барлық нәрсені реттей алмайды. Олар ыңғайлы орта жасап береді. Ал кеден, қаржы саясаты мен заң Үкіметтің құзырына кіреді. Біздің міндетіміз - 2020 жылы бизнесмендер түсетін салықты жергілікті билікке қалдыру. Бұл әкімдерге бизнес үшін ыңғайлы орта жасауға мүмкіндік береді. Алматы көшбасшылығын танытады», - деді Абылай Мырзахметов.

Айта кету керек, бүгін Алматыда бизнес ортаны дамытуға бағытталған Инвестициялық форум өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар