Бизнесмендердің өрт қауіпсіздігіне салғырттығы қынжылтады -ТЖК төрағасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер бизнесмендердің Қазақстандағы ойын-сауық және ірі сауда орталықтарының тексерісіне қарамастан, өз нысандарының өрт қауіпсіздігіне салғырт қарайтынын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Өкінішке қарай, қайғылы жағдай орын алғалы бері қаншама уақыт өтсе де (РФ Кемереводағы оқиға - авт.) біз тексеріс жұмысын бастап кеткенімізбен, меншік иелері ешқандай әрекетке баратын емес. Оларға тексеріс келетінін біліп отырғандықтан, алдын ала дайындалуы керек емес пе еді!? Эвакуациялық шығу жолдары мен өрт автоматикасы талаптарының бұзылуының бәрін шұғыл түрде жою керек еді. Біз орталық телевидение арқылы Ресейдің тергеу комитеттері сөз сөйлеп, кінәлі адамдардың қамалғанын күнде көріп отырмыз. Бірақ, өкінішке қарай біздің бизнесмендердің бұл мәселелерге келгенде реакциясы айтарлықтай оң дей алмас едім. Бұл әлбетте, бізді қынжылтады», - деді Беккер Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, Владимир Беккер бұған дейін Қазақстанда бір аптаның ішінде тексерілген 75 нысанның үшеуі ғана талапқа сай екенін жеткізген болатын.

««Еліміздегі ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда дүкендерін бір аптадағы тексерісі бойынша алдын ала ақпаратты ұсынамыз. Премьер-Министрдің тапсырмасы негізінде барлық ірі ойын-сауық орталықтарын ауқымды түрде тексеру жұмыстары басталып кеткен болатын. Өткен аптаның дүйсенбісінде 207 тексеріс жұмысы басталса, қазіргі дейін (6 сәуірдегі жағдай бойынша) 308  тексеру жүргізілді. Яғни, бір аптаның ішінде 75 нысанды тексеру жұмысы аяқталды. Тексерілген нысандарда 1 мыңнан астам бұзушылық (1037) анықталды. Бұзушылықтар тек 3 нысанда анықталған жоқ», - деді Беккер.

Соңғы жаңалықтар