Бизнесмендердің көбі нарыққа шығудың ережесін білмейді - ЕЭК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ЕАЭО аясында бизнесмендер тап болған кедергілерді жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП-дағы Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен диалог алаңында ЕЭК бәсекелестік бойынша Алқа Мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.(

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында ойын ережелері өзгерді, яғни бәсекелестік көбейді. Жалпы, жаңа ережелерді білу керек. Қазіргі уақытта Қазақстан өңірлерін аралап жүрмін. Өткен күндері еліміздің бірқатар облыстарында болдық, алдағы күндері басқа да өңірлерге барамыз. Осы орайда бизнесмендер өздерінің ұсыныстарын беріп жатыр. Көбісі сыртқы нарыққа шығудың ойын ережелерін білмейді. Біріншіден, тауардың сапасы болуы шарт. Екіншіден, көбіне көршілес Ресейдің бизнесмендері мен Қазақстан кәсіпкерлері бір салада жұмыс істеп жатыр. Сәйкесінше, бәсекелестік деңгейі айтарлықтай артты», - деді С. Жұманғарин.

Осы орайда ол еліміздің бизнесмендері жаңа технологияларды тартуға, жұмысшылардың біліктілігін арттыруға және өзге де маңызды қадамдарға назар аударуы керектігін атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – бизнеске көмектесу. Біраз кедергілер бар және олардың жартысы заңды болса, жартысы заңсыз. Заңсыз кедергілермен қалай күресуге болады? Бұл тұрғыда арыз жазу керек. Осы орайда бұл шағымдар қаралып, комиссияға шығарылады. Кедергі жасап отырған мемлекетке қатысты шешім қабылданады. Бұл шешімді олар үш айдың ішінде орындауы тиіс. Ал орындамаса, кеңестің қарауына ұсынамыз. Бұл тұрғыда жоғары деңгейде талқыланады», - деді Серік Жұманғарин.

Оның атап өтуінше, бүгінде біраз кедергілер шешімін тапты.





Соңғы жаңалықтар