Бизнеске жақсы қолдау көрсеткен әкімдерді көтермелеу керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде бизнеске табысты қолдау көрсеткен әкмідерді көтермелеу қажеттігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызға мәлім, кәсіпкерлерімізге қолайлы жағдай жасау – тұтас мемлекеттік аппараттың алдында тұрған маңызды міндет. Әрине, заң шығару жұмысы елордамызда жүргізілетіні түсінікті. Дегенмен, аймақтардағы бизнес өкілдерінің ахуалы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына, яғни облыс әкімінен бастап ауыл әкімінің жұмысына тікелей байланысты. Сол себепті әкімдерді осы талапқа сай бағалау керек. Ал үздік нәтиже көрсеткендерді көтермелеп, ынталандырып отыру қажет», - деді Президент.

Сондай-ақ, ол биыл бизнестің дамуына айрықша үлес қосқан өңір әкімдіктері алғаш рет марапатталып отырғанын атап өтті.

«Бүгін біз бизнес жүргізуге аса қолайлы болған аймақтар мен қалалардың рейтингі бойынша арнайы сыйлықтарды салтанатты түрде тапсырамыз. Бұл марапат тек статистикалық мәліметтердің нәтижесінде ғана емес, бағалаудың пайызы кәсіпкерлердің пікірлерін ескере отырып жасалды, тиісті шешім қабылданды», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.

Сондай-ақ, «АруАна», «Бизнес Кемелдiлiк», «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының жеңімпаздары да марапатталды.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығына 281 үміткер өтінім тапсырған. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды.


Соңғы жаңалықтар