Бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастыру керек – Әлихан Смайылов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында ведомстволар мен әкімдіктерге тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық жобаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру қажет. Кәсіпкерлерден жаңа жұмыс орындарының ашылуын, тұрақты жалақының, зейнетақы жарналары мен салықтардың уақытылы төленуін, шығарылатын өнім түрлерінің көбеюін күтеміз», - деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар ол әкімдіктер кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуі қажет екенін айтты.

«Әсіресе, кәсіпкерлік нысандарына дейін инфрақұрылымды жеткізіп беруге көмектесу керек. Электр энергиясымен, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жол салу мәселелері бойынша жедел шешім қабылдаңыздар», - деп тапсырды Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» палатасы бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастыруы тиіс екенін айтты.

«Бизнеске арналған міндетті талаптарды, оның ішінде жаңадан енгізілетін талаптарды да қайта қарау қажет. Мемлекет бизнестің тұрақты және табысты қызметіне мүдделі. Кәсіпкерлер осыны нақты сезінуі керек», - деді Әлихан Смайылов.


Фото: primeminister.kz



Соңғы жаңалықтар