Бизнеске қойылатын талаптар қайта қаралады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Үкімет отырысында бизнеске арналған талаптар қайта қаралып жатқанын мәлім етті. Айтуынша, бұл процесс 2023 жылға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру проблемаларының бірі қолайсыз реттегіш жүйе және шектен тыс әкімшілік жүктеме болып табылады.

Аталған проблеманы шешу үшін 2021 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа Реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды», - деген вице-министр бизнеске арналған талаптарды қайта қарау бойынша жұмыс екі кезеңде жүргізіліп жатқанын атады.

«1-кезең – 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және тұру қызметтері салалары болып табылатын төрт басым салада реттеушілік талаптарды қайта қарауды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Аталған салаларда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қамту шамамен 60%-ды құрайды.

2-кезең – 2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да салалардағы бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау қамтамасыз етіледі.

Осылайша, кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі қалыптастырылып, ол бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді», - деді Тимур Жақсылықов.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік бақылауды автоматтандыру арқылы тексерулер мен жазадан құқық бұзушылықтардың алдын алуға көшу көзделіп отырғанын атап өтті.

«Бұл бақылау және қадағалау органдарын бизнестің проблемалық субъектілеріне шоғырландыруға және оларды ретке келтіруге мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін беруге мүмкіндік береді»,- деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Аталған жиында Тимур Жақсылықов қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарының нақты санын атаған болатын.


Соңғы жаңалықтар