«Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай терезесі құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай терезесі құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлікті, бәсекелестікті дамыту және мемлекет меншігінен алу бойынша кешенді шаралар іске асырылатын болады. Бұл – нарықты монополиясыздандыру, әкімшілік және экономикалық кедергілерді жою, сондай-ақ бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қол жеткізуін қамтамасыз ету. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау мен консультациялар алуын оңайлату мақсатында «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай терезесі құрылады», - деді Руслан Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда, жекешелендіруге жататын нысандардың тізімі кеңейтіледі. Агроөнеркәсіптік кешен бойынша ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалады.

«Осы жылдың соңына дейін Су ресурстарын басқару бағдарламасы әзірленеді. Өнеркәсіп және құрылыс бойынша арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды, қайта өңдеу өнеркәсібін тиімді дамыту жөнінде, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Қосылған құнның жаһандық тізбегіне ену жөніндегі, сонымен қатар экспортты арттыру және әртараптандыру бойынша шаралар іске асырылады. Одан басқа, тұрғын үй салу және инфрақұрылымды сапалы дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар