Бизнес жауапсыз жарнамаға миллиондаған қаржы жұмсап отыр - ҚР ҰЭМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан нарығында жұмыс істейтін кей компаниялар жауапсыз жарнама үшін миллиондаған қаржысын жұмсап жатқан жайы бар. Бұл туралы Сенат қабырғасында өткен жиында Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық экономика вице-министрі өз басымдығын алға тарта беретін ел ішіндегі ұялы байланыс операторларының текетіресін мысалға келтірді.

«Олардың қайсысы мықты, қайсысы нашар екенін ешкім растаған жоқ. Бұл - қоқыс жарнамалар. Оларға осыған дейін үш миллион теңгенің айыппұлы салынып қойды. Олар тіпті сотқа да бармай, бірден ақшасын төлейді. Демек, бұл жауапсыз жарнама деген сөз», - деді вице-министр Парламент Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Жарнама туралы» заң жобасын қорғай отырып.

Ол жаңа жобада жауапсыз, жалған әрі жасырын жарнама үшін арнайы жауапкершілік бекіту көзделіп отырғанын еске салды. Сонымен бірге, енгізілгелі жатқан тәртіп бойынша теле және радиоарналарда күнделікті әлеуметтік жарнамаларды орналастыру көзделген. Сонымен бірге, алдағы уақытта телеарналарды прайм-тайм уақытында 12 минуттық әлеуметтік жарнама көрсетуге міндеттеу көзделген.

«Қазіргі уақытта телеарналардың кешкі эфирі жарнамаға толып тұр. Бұл отандық аудиторияның шетелдік арналарға ауысып кетуіне әкеліп соғады. Осыған байланысты сағат 18:00-23:00 аралығында әр сағат сайын жарнаманың уақыты 12 минуттан аспауы керек», - дейді вице-министр.

 

Соңғы жаңалықтар