Бизнес ортаны да бюрократиядан арылту өте маңызды мәселе – Райымбек Баталов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық палата туралы заңнамаға өзгертулер әзірленіп жатыр. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысымен кездесуде палатаны трансформациялау мәселесі, біздің көзқарасымыз, тұжырымдамамыз талқыланды. Мемлекет басшысы біз үшін өте маңызды бірнеше бағытты мақұлдады. Біріншісі - шағын және орта бизнеспен байланысты мәселелер. Ең алдымен өңірлерге назар аудару қажет. Шағын және орта бизнес бойынша жекелеген бағдарлама, даму бағдарламасын енгізіп, палата жұмысын негізінен өңірлерге қарай қайта пішімдеу қажет. Әкімдіктермен жұмыс істеу керек. Бұл - жұмыстың өте ауқымды әрі маңызды майданы. Салаларды дамыту, ұлттық палата, жалпы бизнес тарапынан сараптаманы жақсарту жеке бағыт саналады», - деді ол ҚР Президенті баспасөз қызметінің Telegram каналында жарияланған видеода. д

Оның атап өтуінше, бизнесті қорғау да маңызды бағыттардың бірі. Бұл ретте палата соттармен, Бас прокуратурамен тығыз жұмыс істеуі тиіс.

«Мемлекеттік органдарды ғана емес, сонымен бірге бизнес ортаны да бюрократиядан арылту өте маңызды. Палата белгілі бір дәрежеде министрлікке айналғанын байқап отырмыз. Оны іскерлік ортаға айналдыруымыз қажет. Бұл мәселе де қолдау тапты. Ұлттық палата туралы заңға өзгерту енгізу керектігі де талқыланды. Қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Таяу арада Ұлттық палата туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістерге қатысты ұсынысымызды Үкіметке береміз», - деді Райымбек Баталов.

Бүгін Райымбек Баталов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жолдарын таныстырған еді.


Соңғы жаңалықтар