Бизнес өркениетті болса, мемлекеттің әлеуметтік ынтымақтастық аясы да ауқымды болады - А. Бижанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Ақтау қаласында көшпелі отырыс өткізді. Онда еліміздің жаңа экономикалық саясатын іске асыру аясында Маңғыстау облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту мен оны жетілдіру шаралары, құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Жиынды ашқан комитет төрағасы Ахан Бижанов қазіргі кезде бизнес пен кәсіпкерліктің қоғамдағы рөлі тек материалдық құндылықтар жасау және кіріс алумен шектелмейтінін атап өтті. «Бизнес өкілдеріне жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек жағдайын жақсарту және аймақтардағы әлеуметтік-мәдени мәселелерді шешу секілді әлеуметтік міндеттер жүктеліп отыр. Егерде бизнес өркениетті болса, онда мемлекеттің әлеуметтік өмірдегі ынтымақтастық аясы да ауқымды болады», - деді сенатор А. Бижанов. Бұдан басқа, сенатор Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті дамыту және ұжымдық шарттарды, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы салалық келісімдерді жасау жөніндегі ережелер заң жүзінде белгіленгені туралы хабардар етті. Әлеуметтік мәселелерді шешуге жеке кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру мақсатында «Алтын сапа» және «Парыз» конкурстары өткізіліп келеді. Бірнеше жылдан бері бизнестің көшбасшылары өз кәсіпорындарының қатысуымен аймақтарда әлеуметтік, экологиялық және әріптестік бағдарламаларды дамытып отырғаны да назарға алынды.

Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев өңірдегі халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық өркендеу мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Маңғыстау облысының аумағында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушы компаниялар аймақты әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған стратегиялық жоспарларды іске асыруға белсенді қатысып келеді.

Бұдан бөлек, жиын барысында сенатор Серік Бектұрғанов әлеуметтік әріптестік пен бизнесті дамыту саласындағы депутаттардың заң шығару қызметі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Д.Арғындықов, Маңғыстау облысындағы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Г. Қаламқали, «Волна» АКФ ЖШС директоры Н.Карась, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының орынбасары Ж.Төлеғожаев және бизнес қауымдастықтары мен жұртшылық өкілдері сөз сөйледі.

Басқосуды қорытындылай келіп, сенатор А.Бижанов жиынның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және оны құқықтық қамтамасыз ету саласына байланысты кешенді мәселелерді іске асыру жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. Комитет төрағасы жұмыспен қамту, іскерлік белсенділікті дамыту салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, келешекте атқарылатын жұмыстарды және оларды жүйелі түрде шешуде аймақта қолданылатын мүмкіндіктерді белгіледі.

Көшпелі отырыс аясында сенаторлар «CASPI BITUM» БК ЖШС, «Каспий» тұщыту зауыты» ЖШС, «Kazakh Osseter» ҒӨК» ЖШС секілді бірқатар кәсіпорындарды аралап, Қазақ-түрік лицейіндегі оқу үдерістерімен де танысты.

Соңғы жаңалықтар