Бізге жастарды ойланбай жасалған әрекеттерден қорғау өте маңызды – Ақылбек Күрішбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының саясатын бүкіл халықтың, барлық прогрессивті күштердің қолдауы бұрынғыдан да маңызды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты ҚР Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің барлық азаматтары сияқты болған оқиғаларға байланысты өте алаңдаулымын. Экономиканы одан әрі қарай дамытып, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін бізге елдегі тұрақтылық ауадай қажет. Сонда ғана мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері дәйекті түрде іске асырылуы мүмкін. Біз Қазақстандағы тұрақсыздықты қолай көретін арандатушылар мен сыртқы күштердің жетегінде кетпеуіміз керек. Халқымызға соғыс қажет емес, ортақ үйіміздегі бейбітшілікті сақтауымыз керек. Сондықтан Мемлекет басшысының саясатын бүкіл халықтың, барлық прогрессивті күштердің қолдауы бұрынғыдан да маңызды», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, жастарды ойланбай жасалған әрекеттерден қорғау өте маңызды.

«Президент қабылдаған шаралар және Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдайдың жариялануы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған уақытша шара. Біз мұны түсінуіміз керек. Біздің қоғамда әділетті көтеріліп отырған бірқатар мәселелерді Үкіметтің уақтылы шаралар қабылдауы арқылы өз кезінде шешуге боладтын еді деп есептеймін. Олардың көбі қазір Президенттің жеке араласуынан кейін ғана шешімін тауып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде халықты әлеуметтік қолдаудың басымдықтарын нақты белгілеп берді және олар орындалады! Еліміздің болашағы әрқайсымызға байланысты! Бізге жастарды ойланбай жасалған әрекеттерден қорғау өте маңызды», -деді Ақылбек Күрішбаев.


Соңғы жаңалықтар