Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр – Қасым-Жомарт Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болады. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті отандастар! Алдымызда күрделі әрі ауқымды міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет. Біздің стратегиялық бағытымыз айқын, түйткілді тұстарымыз бен кемшіліктерімізді жақсы білеміз. Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралар жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек», - деп Президент Жолдауын қорытындылады.

Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ.

«Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған. Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз. Біз халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл мерейлі дата – егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы. Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз. Бұл біздің қолымыздан келеді, мен оған кәміл сенемін. Еліміз әрқашан аман болсын. Баршаңызға рахмет!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар