Бізге бостандық сыйлаған күн бірлігімізді арттыра түссін — Желтоқсан оқиғасының қатысушысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар мен зиялы қауым өкілдері алматылықтарды ел Тәуелсіздігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының актері, «Құрмет» орденінің иегері Үсіпхан Сейтімбет қала тұрғындарын құттықтап, бәріне амандық тіледі.

«Келесі жылы 30 жылдығын атап өтеміз. Дана халқымызда «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз бар. Сондықтан жаңаны тануға ұмтылатын ақылды жастарымыз көбейе берсе деймін. Ел болашағы жастардың қолында», — деді Үсіпхан Сейтімбет.

Жазушылар одағының мүшесі, ақын Аманғазы Кәріпжан да құттықтады.

«Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бұл мереке бәрімізге зор қуаныш әкелсін. Бізге азаттық пен бірлікті сыйлаған бұл күн бәрімізді біріктіре түсіп, еліміздің одан әрі гүлденуіне қызмет етсін. Жастарға олардың ең жақсы деңгейде білім алуын, еліміздің болашақ стратегиялық жоспарларына үлес қосуын, мықты, ақылды, жан-жақты болуын, өткенді біліп, құрметтеуін, ана тілін және әлемнің басқа да тілдерін білуін, өз елінің ұлы азаматтары болуын және әрқашан мейірімді әрі адал болуын тілеймін!» — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін еліміздің Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен шаһардың солтүстік бөлігінде «Желтоқсан» саябағы ашылды.



Соңғы жаңалықтар