Бізге айналамызды таза ұстау мәдениеті жетіспейді - Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматыдағы қоқыс полигонының қалай өшірілгені туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Алматы облысының полигонында болған өртті сөндірушілерге алғыс айтты.

«Ең бастысы Алматыдағы қоқыс полигонында болған өрттен ешбір адам зардап шеккен жоқ. Өте көп техника жұмылдырылды. 150-ден астам адам қатысты. Өрт сөндірушілерге алғыс айтуымыз керек. Өрт өте жылдам сөндірілді. Әдетте мұндай полигондағы өрттерді ауыздықтауға көп уақыт кетеді»,-деді ол.

Министр елдегі қоқыс полигондарының мәселесі қалай шешілетінін де айтты.

«Әрине, бұл проблеманы шешудің жалғыз жолы қалдықтарды утилизациялау. Ол үшін қоқысты сұрыптап төгіп үйренуіміз қажет. Мұндай жүйенің жеміс беруі үш дүниеге байланысты. Біріншісі - мемлекеттік қолдау. Екіншісі - бизнес бастама. Үшіншісі - азаматтардың жауапкершілігі. Қазір көріп отырғанымыздай бізде мемлекеттік қолдау мен бизнес бастама бар. Бірақ, өкінішке орай азаматтық бастама байқалмай тұр. Азаматтардың қоқыс төгу мәдениеті жетіспей жатыр. Ірі қалаларда көптеген аулаларда қоқысты сұрыптап төгетін контейнерлер бос тұратынын көріп жүрміз. Бізде көлік терезесінен шөлмек пен дорба тастап, үйіне келген соң әкімдік көшені тазаламайды деп шағымданатын әдет қалыптасты» - деді ол.

Хабар барысында Дәурен Абаев 2021 жылға қарай полигонға төгуге тыйым салынатын қалдық түрлерінің көбейетінін мәлім етті.

«Менің білуімше, елімізде 150-ден астам қоқыс сұрыптап, өңдейтін кәсіпорын бар. Қазір барлық қоқыстың 10 пайызынан астамы ғана қайта өңделеді. Ал жетекші елдерде бұл көрсеткіш 90 пайызға таяу. Бізде ақырын болса да, өсім бар. Үкімет 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пластмасса, қағаз бен шыны қалдықтарын төгуге тыйым салды. 2021 жылдан бастап осындай тыйым құрылыс және тамақ қалдықтарына салынады. Яғни, оның бәрі қайта өңделуі тиіс. Бұл шаралар қоқыс полигондарының ауқымын азайтып, ауаға тарайтын зиянды заттардың көлемін төмендетеді. Өртену сияқты экологиялық тәуекелдерді кемітеді»- деді министр.

Соңғы жаңалықтар