Біздің қызметкерлер баспанаға зәру - Қалмұханбет Қасымов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция қызметкерлерінің тұрғын үйге зәру екенін, аталмыш мәселені шешу үшін қандай амалдар қарастырылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, ең бірінші кезекте айтарым - шынында да, біздің қызметкерлер баспанаға зәру. Заңға сәйкес, бізді әскери қызметшілерге теңестірген. Біз үй жалдап тұрғанымыз үшін өтемақы ала аламыз. Демек, заң бойынша біздің бәрімізді жүз пайыз баспанамен қамтуы тиіс. Бірақ, қаражат жетіспеушілігі де бар. Осыған байланысты біз Үкіметтің Қаулысымен екі жылда бір мәрте осы артықшылыққа ие қызметкерлеріміздің санын арттырып келеміз. Бүгінгі таңда баспана жалдағаны үшін өтемақыны жедел-тергеу қызметтері, жедел қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері алады. Ендігі кезекте біз осы жеңілдіктің жол-патруль қызметкерлері мен учаскелік полицейлерге де берілгенін сұрап отырмыз», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Ведомство басшысы әсіресе жас мамандардың тұрғын үйге мұқтаж екенін қайтара атап өтті. 

«Бірақ ол үшін әлі де 30 млрд теңге керек. Әлбетте, Үкімет те, Қаржы министрлігі де бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуді көздеп отыр. Аталмыш мәселенің қашан шешілетінін уақыт көрсетеді», - деді ол.

Министр сонымен қатар, жалпы баспана жалдағаны үшін өтемақы беру тәжірибесі қазір өзгерістерге ұшырап жатқанын айта кетті. 

«Себебі, біздің қызметкерлерге өтемақы берілсе, пәтер иелерінің пайдасы үшін жұмыс істейміз. Ал шынтуайтына келгенде, полиция қызметкері 10 жыл бойы пәтер жалдап, кейін қызметтен кеткеннен кейін пәтерсіз қалуы да ықтимал. Бұл жерде тек пәтер иесі ғана пайдаға кенеледі. Қорғаныс министрлігі және басқа органдар осы мәселені жіті зерттеп, пәтерді бірден сатып алу туралы шешімді дұрыс қабылдады. Яғни, біз ол пәтерді сатып алып, қызметкерге беріп, оның ақысын жалақысынан алып отырамыз. Міне, біз осы жолмен кетпекпіз. Себебі, біз өз үйімізді салып жатқан жоқпыз. Полиция қызметкерлеріне үй алып беріп жатқан облыс әкімдіктеріне алғыс айтамыз», - деп түйді Қалмұханбет Қасымов.

Соңғы жаңалықтар