Біздің күшіміз - бақытты отбасында

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Ақсай-1» шағын ауданындағы №6 көпқабатты үйдің тұрғындары үшін бүгін кішігірім тосынсый ұйымдастырылды.

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының «Біздің күшіміз - бақытты отбасында» әлеуметтік-қоғамдық жобасы аясында өткізілген шарада тұрғындар өзара спорттық сайысқа түсіп, викториналық ойындарға қатысты.

«Жоба бір аулада тұратын жүздеген отбасылардың бір-бірімен танысып, бірігуін мақсат тұтады. Балаларды компьютерден, ата-аналарды жұмысынан жұлып алып, бір мезгіл өздерінің денсаулығына пайдалы әрі қоғамдық жауапкершілігін тудыратын мерекелерге тартуға тырыстық. Оларға арнап кешеден бері түрлі спорттық сайыстар, викториналық ойындар, балаларға арналған суреттен, өзге де өнер түрлерінен шеберлік сыныптарын өткіздік», - деді ұйымдастырушылар.

Ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Анна Данилинаның айтуынша, мұндай шараның ұйымдастырылуы отбасылық аулалық құндылықтарды келер ұрпаққа сіңіру болып табылады.

«Қазіргі қоғамда көршінің рөлі өзгеріп барады. Олар бір-бірін танымайды. Неше түрлі қауіпті құбылыстар туындап отыр. Тіпті, баламызды көршінің үйіне жіберуге қорқамыз. Ата-аналары балаларының кіммен ойнап, кіммен дос екендігін көргені дұрыс», - деді А.Данилина.

Аталған мәдени-қоғамдық шаралар Алматы аулаларында 8 тамызға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар осы уақытқа дейін 24 шараны өткізбекші.

«Бүгін осындай мереке Алматы қаласында 6, Қарағандыдағы 3, Қостанайдағы 3, Талғар қаласындағы 2 аулада, Астанадағы 4 аулада өтті. Жалпы жоба аясында Қазақстанның 16 қаласының 65 ауласында 780 шара өткізу жоспарланған», - деді А.Данилина.

Соңғы жаңалықтар