Біздің Конституция халықаралық стандарттарға сәйкес, бірақ оның әлеуеті әлі күнге дейін іске аспауда - ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның хатшысы

None
None
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Біздің Конституция халықаралық стандарттарға сәйкес, бірақ оның әлеуеті әлі күнге дейін іске аспай жатыр.

Бұл пікірді бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев «Қазақстанда «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» Заңды қабылдау: шынайы жағдайы және болашағы» атты тақырыппен өтіп жатқан сарапшылар кездесуі барысында мәлім етті.

Сарапшылар кеңесінде Қазақстан азаматтарының ақпарат алу құқығының сақталуы қандай деңгейде, оны қалай алады, толық әлде жартылай ала ма немесе мүлдем алмай ма деген мәселелер көтеріліп отырғандығын атап өткен ол, «жалпы біздің Конституциямызда жақсы норма бар. Біздің азаматтар заңмен белгіленген тәртіппен өздеріне қатысты ақпаратты кез келген мемлекеттік органнан, қоғамдық ұйымдардан және басқа да жерлерден алуына болады. Өкінішке орай, Конституцияның осы нормасы тәжірибеде толық іске асқан жоқ», дейді.

Осыны ескерген Адам құқығы жөніндегі комиссия 2009 жылы адам құқығына қатысты ұлттық жоспарды әзірлеген болатын. Бұл құжатты Елбасы 2009 жылы мамырдың 5-інде бекіткен еді. Осы жоспарда азаматтардың ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету үшін арнайы заң қабылдау жөнінде ұсыныс енгізілген. «Мұндағы негізгі мақсат - тек қана қазақстандық азаматтар ғана емес, сонымен бірге елімізде заңды тұрып жатқан өзге де шетелдік азаматтар болсын, азаматтығы жоқ тұлғалар болсын заңмен белгіленген тәртіппен өздеріне қатысты ақпараттарды алу мүмкіншілігімен қамтамасыз ету. Ақпаратты толық ала алмасаңыз өзіңіздің құқығыңызды қорғай алмайсыз және өзіңіздің алға қойған мақсатыңызды іске асыра алмауыңыз мүмкін. Себебі, ақпарат алу фундаменталды, яғни өмір сүру, денсаулық сақтау құқықтары сияқты негізгі құқықтардың бірі болып саналады», дейді Т.Әбішев. Сонымен қатар хатшы заңмен белгіленген тәртіппен кейбір құпия мәліметтер немесе қызмет бабында қолданылатын ақпараттар азаматтарға берілмейтіндігін де атап өтті.

«Бүгінгі кездесудің мақсаты - ел азаматтарының, қазақстандықтардың ақпарат алу құқығына қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру. Біздің Конституция халықаралық стандарттарға сәйкес, бірақ оның әлеуеті әлі күнге дейін іске аспай жатыр. Соның бірі азаматтардың ақпарат алу құқығына қатысты болып отыр», деді өз сөзінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның хатшысы.

Соңғы жаңалықтар