Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді - Тоқаев

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат –Қазақстан Республикасы азаматының паспорты іргелі құндылықтарды білдіреді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы жұртшылығымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бірлік, ынтымақ, толеранттылық, өзара құрмет, жанашырлық және әрқашан бір-бірімізге қол ұшын беруге дайын болу біздің дәстүріміз бен мәдениетіміздің негізінде жатыр. Біздің ұлттық болмысымызды қалыптастыратын бұл бірегей құндылықтарды жасанды идеологиялық құрылымдарға телу оңай емес. Бірақ, менің ойымша, бұған қажеттілік жоқ. Қазақстан Республикасының көк паспорты біздің ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ басты көрсеткіші болуы керек екеніне сенімдімін. Бұл құжат – біздің мемлекеттілігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты іргелі құндылықтарды білдіреді. Соның арқасында біздің еліміз бүкіл әлемге этносаралық және дінаралық толеранттылықтың жарқын үлгісі ретінде танымал болды. Қазақстан паспорты – әділдіктің және ұлттың болашаққа ұмтылысының символы», - деді ҚР Президенті кездесуде.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы біздің көк паспортымызды бүкіл әлем құрметтейтінін жеткізді.

«Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді. Шет мемлекеттердің визаларын беруді қоса алғанда шетелде қазақстандық паспортқа қатысты қандай да бір шектеулер жоқ. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздің теңгерімді әрі жауапты сыртқы саяси бағдары мен ішкі саясатының тікелей нәтижесі», - деп толықтырды Мемлекет басшысы өзінің сөзін.


Соңғы жаңалықтар