Біздің қоғамда ақсаусақ жігіттер неге көбейіп кетті?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күндегідей жұмыстан қайтып келе жатқанмын. Кенет мен мінген 10-ыншы автобустың соңғы жағынан әлдекімдердің бір-біріне дауыс көтере айғайға басқанын құлағым шалды. Дауыс сәлден соң ұрысқа айналды. Екі әйел де бір-біріне есе-теңдік берер емес. Біріншісі жасы егде тартқан әже секілденді, екіншісі жас келіншек сияқты. Түсінгенім, әженің немересінің бетін әлгі әйел бұрыла бере арқасына ілген сөмкесімен сүріп кеткен, бәрі содан басталған.

Бірақ жас келіншек қарт ананың жасын да, өзін де сыйламай, «шырағым, абайласаңшы» деген сөзіне шаптығып шыға келген: «Өзің абайла! Мен өз жөніммен тұрмын, сенің балаң үшін мен жауапты емеспін». Бір сәт дауыс бәсеңдеп барды да, жанжал қайта ушықты. Осы сәтте әже де шыдамай, қарғанып-сілене жөнелген еді. Ұзын-сонар балағаттың соңында: «Сені де біреу еркек дейді-ау, еркектіктен садаға кеткір», демесі бар ма?! Жалт бұрылып қарасам, әлгі келіншек деп тұрғаным жап-жас жігіт екен...

Күледі екенсің. Қарасам, жұрт та еріксіз езу тартып тұр. Осының бәріне шыдай алмаған даукес жігіт келесі аялдамадан түсіп қалды. Шығып бара жатып, бәрімізге «қайда бару керектігімізді» мәнерлеп тұрып айтып кетті.

Бұл әйел мінезді жігітті алғаш көріп тұрғаным емес еді, сондықтан аса бір таңырқай қойғаным жоқ. Топ адамның ішінен «Еркек басыңмен анаңдай адаммен салғыласып тұрғаның не? Намыс қайда?» деп айтатын бір адамның табылмағанынан олардың да бұндайға еті үйреніп кеткенін аңғаруға болатын еді.

Бала баға алады, балға ұстай алмайды

Бүгінде кімнен сұрасаң да үйде отыратын, әйелі жұмыста, өзі бала бағатын, әйелі келгенде тамақ істеп, кір жуып қоятын «пысық» танысы бар. Осындайда «Біздің ағай тамаша» деген әлгі бір ән еріксіз еске түседі:

Біздің ағай қызық адам тамаша,

Қызығы бар сан жетпейтін санаса.

Жеңгемізді сыйлайтыны соншалық-

Томпаң қағып жүгіреді балаша.

Жеңгей кетсе қыдырып,

Кеш келеді күн жүріп,

Ағай үйде отырады,

Шалпылдатып кір жуып,

Біздің ағай, біздің ағай тамаша...

Бұл әннің мәтінін сықақшы Оспанхан Әубәкіров астыртын бір кекесінмен жазған болуы да мүмкін, бірақ ол басқа әңгіме. Бізге қатыстысы, дәл осындай «тамаша ағайлардың» бүгінде көбейіп бара жатқаны. Ол ол ма? Бір шеге қаға алмайтын, кранның түбінен су тамшыласа да сантехник шақыртатын, не даланың, не қаланың шаруасына қыры жоқ ақсаусақ жігіттер де жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаулап келеді біздің қоғамда. Ал, мал сою, бас-сирақ үйту, ет бұзу болашақта ақысы қымбат жеке кәсіпке айналатын түрі бар. Себебі, бұрын екінің бірі білетін осы іске қазір ауылдың өзінде тек орта жастағы кісілер жауапты болып қалған. Жастар шаруадан бос қалған.

«Мектептегі матриархат»

Жасыратыны жоқ, бүгінде балабақшадан бастап, университетке дейін ұстаздық қызметті көбіне әйелдер қауымы атқарып жүр.

2011 жылғы мәлімет бойынша біздің елімізде 222 929 әйел мұғалім, 52 726 ер мұғалім болыпты. Ер-азаматтарымыз көбіне дене шынықтырудан, еңбектен, алғашқы әскери даярлықтан сабақ берсе, негізгі пәндердің денін әйел азаматшалар жүргізген. Ал бүгінгі күннің өзінде елдегі ер мұғалімдердің үлесі отыз пайыздан аспайтын көрінеді. Осы тұста бұның қандай зияны бар деген сұрақ туындайды. Психологтардың айтуынша, әйел ұстаздың алдынан шыққан ұл бала нәзік, қыз мінезді болып келеді екен. Керісінше, қыздарда дөрекі мінез қалыптасатын көрінеді. Ал ер мұғалімдер жоғары сынып оқушыларына көбірек сабақ беруі тиіс екен. Себебі, қыздар ер мұғалімге қарап, ер адамның бойында қандай құнды қасиеттер болуы керектігін көңілге түйіп өседі, бұл болашақта жар таңдауда көп пайдасын тигізеді. Ал ұл балалар өздерінің арасында болып қалған жанжалды шешу кезінде нағыз ер-азаматтың ақыл-кеңесін алып, бітімге келуді, уәдеде тұруды, намысты болуды, өзін нағыз жігіт секілді ұстауды үйренеді екен.

Мектепте ер мұғалімдердің жетіспеу мәселесі 60-70-жылдары Түркияда да болыпты. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама жасалып, ерлерді мектепке тарту мәселесін алдыңғы кезекке қойылған. Себебі, жұрт «ер мұғалімдердің аздығынан ұлдарымыз жібектей сызылып, қыз мінезді болып барады, қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырды» деп мәселе көтерген. Арада көп уақыт өтпей бұл елде мектеп ұстаздарының тең жартысы ер мұғалім болған.

Әлеуметтік сауалнамаларға жүгінсек, ар адамдар мұғалім мамандығын аз таңдауының себебі табысқа тікелей байланысты екен. Ер адам отбасын асырауы тиіс, мұғалімнің жалақысы оған толық жетпейтін болғандықтан, олар көбіне басқа кәсіпті таңдап кете барады.

Жақсы әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды

Қоғамда қыз мінезді жігіттердің пайда болуына жалғызбасты аналардың саны артуы да әсер етеді. Қазіргі статистика бойынша, Қазақстанда әр үш отбасының бірінің шаңырағы шайқалып, ерлі-зайыптылар ажырасып жатады және көп жағдайда бала анасының қамқорлығында қалады. Әке көрмеген ұл балалар өмірде көптеген мәселелерді анасына еліктеп, сол секілді шешуді әдетке айналдырады. Бұндай баланың таным, талғамы да басқаша қалыптаспақ...

Ербол ЖАНАТ

Соңғы жаңалықтар