Біздің буын қолынан келгеннің бәрін жасады - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы жастарға қатты сенеді. Жас буын осы сенімді ақтауы керек. Назарбаев Университетінде оқу бітіріп жатқан түлектердің алдында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жастарға қатты сенеміз. Себебі, Қазақстанның болашағына сенеміз. Сол себепті, сіздердің әрқайсыларыңыз - біздің халықтан орасан зор сенім несиесін алды, толыққанды қамтылды деп мәлімдей аламын. Елімізде әлемдік деңгейдегі университет тұрғызуға орасан зор халықтың ақшасы кетті. Бүгін де қоғамның және менің - сіздер Отан үшін тер төгер деп үміттенуге толық қақымыз бар. Сіздердің Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз - ел игілігі үшін жасалған жақсылықпен өлшенеді. Сіздер - басқа ЖОО түлектері үшін үлгісіздер. Сол себепті, сіздер тек жоғары санатты маман ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі бола білуге тиіссіздер», - деді Елбасы Назарбаев Университетінде түлектердің алдында.

Нұрсұлтан Назарбаев ел саясатының арқасында Қазақстанды әлем сыйлайтынын атап өтті.

«Сіздер Қазақстаннан келгендеріңізді айтсаңыздар - шетелде сіздерді жылы қабылдайтын болар. Солай ма!? Міне, біз осыны көздедік. Қандай жолды таңдасаңыздар да - жарқын жол тілейміз. Қазақстан - әрдайым дамып келе жатқан ел. Біз өз тәуелсіздігіміздің 28 жылдық белесіне аяқ бастық. Былай қарасаң, тарих үшін тым қысқа уақыт. Бірақ, өткен жолды сараптап, қиындықтарды еңсеру даңғылына қарасақ - біздің сарапшылар осы 28 жылды 100 жылмен салыстырады. Солай да шығар. Себебі, қазақтар мен Қазақстанның бұрынғы тарихын соңғы 28 жылдық кезеңмен салыстырар болсақ, шынында да, орасан зор еңбек еткенімізді байқаймыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде қазақтар ешқашан бүгінгідей өмір сүрмегенін айтып өтті.

«Біздің буын өз шаруасын бітіріп, елге еңбегін беріп, қолынан келгеннің бәрін жасады деп айта аламын», - деді Елбасы.

Еске сала кетсек, Назарбаев университетінде салтанатты түрде V оқу бітіру рәсімі өтіп жатыр. Биыл аталмыш университеттегі түлектер саны - 963 студент. Оның ішінде 565 студент - бакалавриат, 378 студент - магистратура, 14-і - медицина докторы және 6 студент - докторантура бағдарламасы бойынша оқу бітіріп жатыр.

Түлектердің көпшілігі - Ғылым және технологиялар мектебінің (270 түлек), Инженерия мектебінің (225 түлек), Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің (168) бакалавриат бағдарламасының студенттері. Магистрлік бағдарлама бойынша Жоғары бизнес мектебін - 82 студент, Жоғары білім беру мектебін - 80 түлек, Жоғарғы мемлекеттік саясат мектебін - 49 түлек, Инженерия мектебін - 70 түлек, Ғылым және технологиялар мектебін - 34 түлек, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебін - 19 түлек, Медицина мектебін - 27 түлек, Тау-кен ісі және Жер туралы ғылым мектебін - 20 түлек аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар