Бізді ру емес, Ту біріктіруі керек - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Бір қызымнан бір қызым сорақы - «Дидар» газеті

null

«Біздің қыздар сұлулықтан емес, сорақылықтан сайысқа түсіп жатқандай... Кеше жалаңаштанудан көш бастаған Айжан еді, көйлексіз сәукеле киген Шырын одан оза шапты. Бүгін, міне, «арымды сатам» деп айды аспанға бірақ шығарып Айнұр отыр. Бейәдеп сөздері мен белден төмен әңгімелері хит болған Зәмирамыз тағы бар. Бүгін сорақылығы бірінен-бірі өткен қыздарымызға қарап, ертең не боларын ойлаудың өзі қорқынышты...», деп жазады «Дидар» газеті.

Мақалада күні кеше әлеуметтік желінің жұлдызы боп жүргендер енді отандық телеарналардың «қадірлі қонағы» болып төрге шыққанына қынжылыс білдіреді.

«Қалқатайларымызға керегі атақ болса, әлеуметтік желілер олардың қылығын іліп әкетіп, отандық арналар жарысып көрсетіп, мақсаттарына жеткіздік. Үлгі тұтар жандарды тасада қалдырдық осылай. Өйткені бүгінде ар емес, арзан рейтинг қымбат».

Ал енді бұл арнаны кім көреді? Пайымынша, бұның көрермені - ауыл халқы. Бұл ретте журналист ауылда интернет болмаса, енді сол әлеуметтік желідегі қитұрқылық қазақ журналистерінің арқасында ауылдағыларға да жетіп отырғанын жазады. Бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеті халықтың мәдениетін көтеру екенін еске салып өтеді. Бұрын қазақ тіліндегі хабарлар аз деп налыған халық енді бүйтіп қазақты қор қылған қазақша хабарларың бар болсын деп ашынып отырғанын алға тартады.

Осылайша мақалада аты шығып жатқан елбұзар хабарларды тізіп, оған қатысты танымал тұлғалардың пікірін де қағазға түсіріпті. Сондай пікірлерді алға тарта отырып, «Тәрбие құралы ма, азғындаудың алғы шарты ма?» деген сұрақты қояды.

«Сол шетелдік шоулардың сәтсіз көшірмелері - неге екені белгісіз, көбінесе қыз тәрбиесіне кері әсер ететін бағдарламалар. «Кел, келінім», «Келіндер бәйгесі», «Қалаулым», «Ұят емес», «Астарлы ақиқат» деп тізе беруге болады оларды. Осы тектес шоу мен жобалар әр арнада бар. КТК арнасындағы сол «Кел, келінім» нені насихаттап жүр? Бұл жерде де қыздарымызды ерсі әрекетке итермелеп жүрміз. Қазақ қызы қашан күйеу іздеп шарқ ұрып еді? Қашан қайтсем де тұрмыс құрам деп, етегін түріп тастап төбелесіп еді. Ал мұнда қашан қарамасаңыз, қазақ қыздары бір жігіт үшін шаштасып, ал жігітсымағы жер шұқып, енесі гладиаторлар сайысын тамашалағандай тамсанып отырады».

Сөз соңын түйіндеген автор «тәрбие құралынан тәрбиелік мән кетіп, азғындаудың алғышартына айналып бара жатқанын» айтып, «мұндай екпінмен арсыздықты ұлттық мәдениетімізге айналдырып алмасақ болды» дегенді жеткізеді.

Бізді ру емес, Ту біріктіруі керек - «Шымкент келбеті» газеті

null

Газет тілшісінің ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабекпен сұхбаты жарияланыпты. Сұхбатта тек Рамазан айының жуықтауына қатысты мәселелер ғана емес, қоғам өмірінің қазіргі тыныс-тіршілігі де әңгімеге арқау болыпты. Мәселен, журналист «Президент сайлауының да мерзімі белгіленді. Бұл науқанда неге мән беруіміз керек?» деген сауал қойған екен.

«Біз қандай да бір жыр-термені немесе өнерпаздың өнерін тамашалағанда, оны жанды дауыста тыңдағымыз келеді. Оның жүрегінен сол сәтте шығып тұрған ырғақ сенің жан-дүниеңе құйылады да оның әсері басқаша болады. Тура сол сияқты сайлау да, сенің үйіңнен шығып, сайлау учаскесіне дейін өзіңнің ниетіңмен барып, ақ қағазды қолыңа ұстап, қалаған адамыңа таңдау жасау да жанды дауыста өнерпаздың қасиетін қабылдаған сияқты тірі амал. Ол міндетті түрде нәтижеге алып келеді. Өзіңнің мүмкіндігің бар іске үлес қоспау, керісінше, зиян әкелетіні бар» депті жауабында Мұхамеджан Тазабек.

Бұл ретте ол екі нәрсені бөліп айтады. Оның бірі - ру, екіншісі - жерлестік.

«Ал енді біріміз ұлттық деңгейге көтерілдік. Бірақ сол деңгейге көтерілгенмен, ұлт пен мемлекетті қабыстыра алмай қиналып жүрген жайымыз да жоқ емес сияқты. Ру - біздің тегіміз, тарихымыз, шежіреміз. Оны білу маңызды. Бірақ бізді тек ру емес, Ту біріктіруі керек қой. Мемлекет - менікі, Елбасы - менікі, шекара - менікі, бұл мемлекеттің табысы да менікі, бұл мемлекеттің мәселесінің де маған қатысы бар деп, соған жанашыр, қамқор, үлкен жүрекпен қарым-қатынас жасай алмай жатқанымыз да рас» дейді Мұхамеджан.

Сұхбатта астана атауының өзгеруі, жастар жылы, отбасы құндылығы, рухани құндылық мәселелері де сөз болады. Сөз арасында Мұхамеджан: «Ал халық пен билік - су мен бу сияқты. Осы халықтың ішінен шыққан жігіттер министр, депутат боп жүр. Елбасының шетелден әкелген шенеунігі жоқ. Ел - есті бала тәрбиелесе, олар ертең атқа мініп, ұлық болғанда ұлтқа қызмет етеді» депті.

Жалаңтөс баһадүрдің елеусіз жатқаны жаныма батты - «Замана» газеті

null

«Замана» газетіне Түркістаннан Самарқанға саяхаттап барған оқырманның пікірі жазылған екен. Онда Самарқанға таңданысын жасырмаған қария көңілде қалған түйткілді мәселесін де ашып айтады. Біріншіден, оны «Шар-дор», «Гур-эмир», «Әл-Бұхари» және басқа да медреселер мен мешіттер сауда орнына айналып кеткені қынжылтқан.

Екінші - Жалаңтөс баһадүр жерленген жері.

«Самарқан қаласының тарихында үш тарихи тұлғаның алар орны ерекше. Олар - Темір, Ұлықбек және Жалаңтөс баһадүр. Темір мен Ұлықбекке арнап салынған зәулім ескерткіштер мен ғимараттарды жұрттың бәрі біледі, Самарқанға барғандар көрді. Ал Жалаңтөс бабамыздың сүйегі қаладан 30 шақырым сыртта, Бағдит деген ауылдағы елеусіз мазардың ішінде бір жұпыны тастың астында жатыр. Не ескерткіш, не көрсеткіш тақта, не кесене жоқ. Іштей қынжылып қайттым. Егер Жалаңтөс баһадүр қазақ емес, өзбек болса, аты Темір мен Ұлықбекпен бірге аталып, зәулім сарайлар салынар еді-ау деген ой келді. Бабамыздың осылай елеусіз жатқаны дұрыс емес қой. Бұған на айтасыздар?» деп сауал тастайды оқырман.

Кенен Әзірбаевтың 107 әні бар - «Сарыарқа самалы» газеті

null

«Сарыарқа самалы» газетінде Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлымен сұхбаты жарияланған екен. Онда Кенен туралы бірқатар естеліктер айтылады. Мәселен, Кенен саналы ғұмырының жартысын балаларын жоқтаумен өткізіпті. Екінші рет үйленгенде дүниеге келген балалары сәби кезінен шетінеп кете беріпті. Оның ішінде қазаққа жақсы таныс ағайынды Базар мен Назар да бар. Бала тұрмай қойғаннан кейін, қыз бала дүниеге келгенде көне әдет-ғұрыппен есімін «Төрткемпірбіршал» деп қойған екен.

«Естуімізше шешеміз толғатқан кезде жанында төрт кемпір болыпты. «Қызды болдыңыз, Кенеке» дегенде, әкеміз: «Ораулы баланы анау төрт аруананың аяғының астынан өткізіңдер», - депті. Сол кезде үйге бір шал сәлем бере келеді екен. «Мына ақсақалдың да аяғының астынан өткізіңдер. Бұл баланың аты - Төрткемпірбіршал», - деген екен. Кейіннен үлкендерден естуім бойынша бұны қазақ «ажалды адастыру» деп атайтын көрінеді»...

Әңгіме барысында Кенен шығармашылығынан бөлек оның бала тәрбиесі, отбасына ұстанған құндылықтары туралы да айтылады. Кененнің кісілігі жайында сөз болады. Кенен Әзірбаев пен мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың достығы туралы әңгімеленеді.

«1938 жылы Ораз Жандосовты «халық жауы» деп ұстап бара жатқанда әкем досының артынан қуып, Қырғызстанға дейін еріп барған екен. Сол жолы досына арнап «Оразжан» деген ән шығарады. Осы әні үшін әкеміз де халық жауы атанып, 5-6 ай түрмеде жатады. Кейіннен ел ішіндегі беделі, атқарған істері ескеріліп түрмеден босап шыққан. Сол Ораз ағамыздың артында қалған тұяғының бірі Санжар еді. Міне, осы Санжар ағамыз өзінің бір баласының есімін Кенен деп қойған екен».

Сұхбатта Кенен Әзірбаевтың «Бозторғай», «Базар-Назар», «Көкшолақ» әндерінен бөлек, 107 ән мен 6 күйдің авторы екені айтылады.

Сүйектен сүңгі, жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған - «Aq jol» газеті

null

Жамбыл облыстық газетінде он бармағынан өнер тамған шебер, суретші, мүсінші, ұста Жанар Керімбеков жайында мақала жарияланыпты. Алты жасынан бастап бейнелеу өнерімен айналысқан Жанар Керімбековті сегіз қырлы бір сырлы десе келетіндей. Мәселен, «Біздің кейіпкеріміз - полиглот. Адамдармен тоғыз тілде еркін тілдесе алады. Жанар Сембекұлы ағаштан да, сүйектен де түрлі бұйымдар жасай береді. Сәмбі талды көлеңкеде кептіріп, өңдейді. Оның жасаған бұйымы кейде ирелеңдеген жыланға да ұқсайды. Ал бір бөлігі айдаһарға келеді. Екеуін үйлестірсең, айдаһар жыланды жеп жатқан көріністі көруге болады. Сүйектен жасаған бұйымдары да бір шоғыр. Ағаштан келсап, алма салғыш жасаған. Сүйектен де бірнеше бұйымды ретке келтіріпті. Бір бұйымының өзі бірнеше мағына береді. Ол білезік, сақина, бойтұмарларды да сәнді етіп әрлеп шығарады».

Ол өн бойына өнер атаулыны жиып қана қоймай, спортқа да аңсары ауған екен. Жеңіл атлетиканы жанындай жақсы көреді. Сондықтан да Жанар - марафоншы. Алыс қашықтықта бақ сынауға ынтық. Бірнеше жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген марафонға қатысып, жүлдегерлердің қатарынан көрінгенін біреу білсе, біреу білмес.

Кенесары-Наурызбай: Қорғалмаған дипломдық жұмыс - «Жетісу» газеті

null

Газетте шыққан мақалада автор Хамит Есбаев өз әкесінің өмір-өнегесі туралы сыр ақтарған екен. Жолсейіт Есбайұлының өмірі туралы айта келіп, оның жас кезінде сот болуды армандағанын еске алады. Әкесінің әңгімесі былай екен: «Соғыс кезі ғой. Бір күні тары көжені ішіп алғаннан соң демалып алайық деп мая сабанның ішіне кіріп қисая кетсек, ұйықтап қалыппыз. «Мен ұрлық қылған түні Ай жарық болыпты» дегеннің кері келіп, ұйықтап жатқан Тұрғанқұл екеуміздің үстімізден бригадир Бектұрған түседі. Содан екеумізді айдалған егістік үстінде қуалап жүріп сабайды. «Аяңызшы, енді бұлай істемейміз», - деп шырылдасақ та қарамайды. Осы оқиғадан кейін Тұрғанқұл: «Соғыс бітсін, екеуміз Алматыға барып соттың оқуына түсеміз. Сен прокурор, мен сот болып, Бектұрғанды неге соғысқа бармағанын анықтаймыз, сөйтіп түрмеге жабамыз», - деп екеуміз сөз байластық»

Алайда жолсейіт есболұлының бұл ойын ағасы құптамаған екен, соның ақылымен филология факультетіне түседі, онда оқып жүріп Мұхтар Әуезовтің көзіне түседі. Кейіни Мұхаң өзі жетекші болып «Кенесары-Наурызбай көтерілісі қазақ әдебиетінде» тақырыбындағы зерттеуін диплом жұмысы ретінде ұсынады. Ол осы тақырыпта дипломдық жұмыс жазып, қорғамаққа бел буады, тіпті, сәтті қорғалған жағдайда кандидаттық диссертацияға жалғастырмақшы болады. Алайда, дипломдық жұмыс біткен кезде Е.Бекмаханов тұтқындалып, сот үкімімен 25 жылға Сібірге жер аударылады. М.Әуезовтің басына да қара бұлт үйіріледі.

«Әкемнің айтуынша, бір күні М.Әуезов оны оңаша шақыртып, дайын болған дипломдық жұмысының қолжазбасын түгелдей, зерттеу туралы кафедраның ғылыми кеңесі хаттамаларын да қоса өртетіп жібереді. Шәкіртіне тез арада Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы туралы диплом жұмысын жазуға кеңес береді. Артынан өзі де Бекмаханов секілді қуғындалып, Мәскеу университетіне ауысуға мәжбүр болады. Бұл 1952 жылы болған оқиға еді. Ұстазы басқа қалаға ауысқаннан соң әкем жаңа жетекшінің демеу болуымен дипломын қорғап, оқуын бітіріп ауылға қайтады».

Соңғы жаңалықтар