«Бізді Беларусь бензині құтқарады» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлымен арадағы сұхбат берілген. Жақында осы депутат бастаған қазақстандық делегация Моңғолияда болып қайтқан-ды. Соңғы кездері шетелдердегі қандастарымызды қолдау үдерісінің жалғасып отырғандығын ескерсек, бұл сапардың маңызды екенін түсіну де қиын емес.

«Баян-Өлгей аймағында қазақ тілінде сабақ беретін 33 мектеп бар. Жалпы, бастауыш сыныптарда қазақ тілінде сабақ берілсе, ал 5-сыныптан бастап моңғол тілі аптасына 3-4 сағаттан жүреді, 9-11 сыныптарда барлық пәндер толығымен моңғол тілінде оқытылады екен. Бұл екі тілді еркін меңгерсін деген ойдан туындаса керек. Алайда, балалар мұндай білім беруден екіұшты күйде қалады. Жергілікті тұрғындардың 93 пайыздайы этностық қазақтар болғандықтан, жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтіндердің көбісі қазақтар. Дегенмен, соңғы кезде моңғолдандыру үдерістері қатты жүріп жатқаны белгілі болды. Құқық қорғау саласында немесе әкімнің орынбасарлығына моңғол ағайындар тағайындалуда екен. Сонда тұрып жатқан бауырларымыз өздерінің ұрпақтарының болашағына алаңдайды. Мен соны байқадым. Бұл тұрғыдан келгенде, аталған мектептің ашылуы өте орынды. Ондағы білім қазақстандық стандарттар бойынша жүргізіледі. Моңғолияның Білім және ғылым министрінің орынбасарымен де арнайы кездестім. Олар да көмек қолын созатындарын білдірді. Ең бастысы, мұғалімдердің білімін жетілдіру, әсіресе, химия, физика, биология және тіл мамандарының біліктілігін арттыру мәселесі өткір тұр екен. Біздің мамандарымыз сонда барып, әдістемелік жағынан қолдау көрсету немесе сондағы мұғалімдерді Қазақстанға шақырып, біліктілігін арттыру қажет»,-дейді депутат. Бұл сұхбат «Моңғолиялық жастар болашағын Қазақстанмен байланыстырады» деген тақырыппен берілген.

Осы газетте «Кім кінәлі?» деген тақырыппен материал көпшілік назарына ұсынылып отыр. Жалпы, аналық міндетін орын­дамай, балаға қатысты құқы­ғынан айырылғандар Ақмола облысында жетіп-артылады. Мұндай істер өзінің аяусыздығымен жан түршіктіреді. Баласына тамақ бермей, суық үйде қамап ұстаған, үйі болса да емшектегі баласымен далада түнеп қайыршылық күн кешуді әдетке айналдырған әйелдер де жетерлік. Ақмола об­лысының кәмелет жасына толмаған­дар істері жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық соты­ның мәліметтері бойынша 2013 жылдың 9 айында 149 ана өзінің баласына қатысты заңды құқынан айырылған болса, 2014 жылдың 9 айында аналық құқығын жоғалт­қандар саны 169-ға жетті.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, мұнай бағасының құлдырауына орай бүкіл әлемде бензин бағасы да арзандауда. АҚШ-та мәселен, жанар-жағармай құны 1 литр сүттің құнымен теңесіпті. Алайда өкінішке қарай, Қазақстанда сарапшылар бензин бағасының керісінше, қымбаттауын күтіп отыр. Бұған жанармай тапшылығы да ықпал етуде. Осы орайда жақында ақпарат құралдары Әзірбайжанның қазақстандық Үкіметке осы кесапаттан құтылуға көмектесуден бас тартқандығын жариялады. Бұл мәселе бойынша мемлекеттің тиісті құрылымы түсініктеме берді. Ұлттық мұнай операторының еншілес кәсіпорны - «ҚазМұнайГаз-өңдеу және маркетинг» компаниясы Каспий жағалауындағы тағы бір мұнайлы ел Әзірбайжаннан бензин тасу жоспарда болғанын жасырмайды. Ол ол ма, тіпті келісімшарт та бекітіп қойыпты. «Қазақстан Үкіметінің ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру бағытында қабылдап жатқан шаралары аясында «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ағымдағы жылдың 10 қазанында Қазақстанға Әзірбайжаннан АИ-92 маркалы бензин жеткізу жөнінде келісімшартты бекітті. Ол 6 мың тоннаға дейінгі көлемінде болуға тиіс еді. Аталған құжат аясында 14 қазанда-ақ «ҚазМұнайГаз Өнімдері» (ҚМГӨ) 3 мың тонна бензин үшін алдын ала төлем жасады. Келісімшарттарына сәйкес, ақысы төленген көлемді елімізге жеткізу биылғы 10 қарашаға дейін жүзеге асырылуға тиіс. Алайда, бүгінгі таңда қарсы тарап - контрагент аталған көлемдегі мұнай өнімдерін әкелетінін растамай, дайындық танытпай отыр» делінген компанияның ресми ақпарында. Бұл мақала «Бізді Беларусь бензині құтқарады» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Баспаналы болудың төте жолы» атты мақала жарияланды. Жалпы, баспаналы болудың екі жолы бар. Бірі - жер телімін алып, қалаған жобаң бойынша үй тұрғызу. Екіншісі - дайын үйді немесе пәтерді сатып алу. Айтуға оңай болғанмен, екеуі де аса жеңіл тәсіл емес.

«Оңай болса, кім пәтер жалдап, тапқанын біреудің алақанына салып беріп отырады дейсің? Бір кездері ел жаппай ипотекаға үй, пәтер алуға ден қойды. Мұның аса тиімді жол еместігін уақыт дәлелдеп берді. Мұндай жағдайды дамыған Америка елі де бастан өткізген. Біздің елде де өз төлем қабілетіне қарамай дүрмекке ілесіп банктен ипотекалық несие алып, кейіннен оны қайтара алмай, банкке қарыз болып, тіпті өзін-өзі өртеп жіберген жандар болды. Бұл өткеннің еншісіндегі жағдай»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Экспресс-К» газетінде «Вернемся к нашим наркобаронам» деген мақала басылды. НАТО әскерін Ауғанстан аумағынан шығарғаннан кейін Қазақстан арқылы контрабандалық есірткі тасымалы артуы ықтимал. Осыған байланысты Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украина кедендік құрылымдары Қарағанды қаласындағы халықаралық семинарға жиналды. Еліміздің орналасуы жағдайына қарай Қазақстан ауған есірткісін Еуропаға тасымалдаудың солтүстік бағдарына еніп отыр. Сондықтан шекара бекеттерінде жақсы жасырылған есірткі қоймаларын анықтауға мүмкіндік беретін инспекциялық-тексеру кешендері орнатылуда.

Соңғы жаңалықтар