Бізде қазір сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған барлық құралдар бар – Олжас Бектенов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов журналистермен брифинг өткізіп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер жөнінде сөз қозғады.

Олжас Бектеновтың айтуынша, кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша құзіретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілді. Аталмыш құжаттарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілген.

Олардың ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар. Қорыта келгенде бүгінгі таңда Агенттікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті барлық құралдар бар.

Тағы бір мәселе мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты. Енді өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе жеңілдіктер беру үшін, егер мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса лауазымды тұлғаға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Айталық егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды және әкімшілік тәртіппен жазаланады.

Тағы бір ескеретін мәселе, қазақстандықтар заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК–нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге.

Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн. теңгеден астам.

Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК немесе 4,5 млн.теңге төлейді.

«Қазір заңнамада сыйлықтар беруге және алуға толық тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске салғым келеді. Мұндай норма өткен жылдың соңында қолданысқа енгізілді», - деді О.Бектенов.

Ол мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға мемлекеттік және басқа да қызметтер көрсеткені үшін «алғыс айту» әдетінен бас тартуға шақырды. Өйткені мұндай әрекет үшін сыйлықты берушілер де алушылар да жауапқа тартылуы мүмкін.

О.Бектенов сөзінде жемқорларға ықпал ететін қылмыстық-құқықтық шаралар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдардың арасындағы жалғыз қару болмауы тиіс екендігін айтты.

«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан маңызды саналатын, мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады» - деді О.Бектенов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамау – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда белгіленген бірқатар талаптарды білдіреді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау, мүдделер қақтығысын болдырмау, қаржылық бақылау шаралары, басшылардың тікелей қарамағындағы сыбайлас жемқорлық үшін дербес жауапкершілігі, квазимемлекеттік секторда комплаенс-қызметтерді міндетті түрде енгізу.

«Тиісінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қолданыстағы заңнамада қарастырылған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тиісті шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды тұлғаларына әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға уәкілетті», - деді ол.

О.Бектенов хабарлағандай, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басшысы өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Бұл жерде маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болған. Енді биыл жыл басынан бастап күшіне енген Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды.

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өздеріне заңнамада жүктелген функциялардан тыс кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны не белгіленген қаржыландыру көздерінен басқа материалдық игіліктер мен артықшылықтар қабылдағаны үшін оларға айыппұл салынады.

«Мұндай заңсыз іс-әрекеттер үшін осы ұйымдардың басшыларына 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн.теңге көлемінде айыппұл салу көзделген», - деді Олжас Бектенов.

Оның сөзінше, заңды тұлғалар ӘҚБтК аясында лауазымды тұлғаларға материалдық сыйақыны заңсыз бергені үшін сыбайлас жемқорлық бойынша жазалануы мүмкін. Бұл ретте айыппұл сомасы 700-ден 1500 АЕК-ке дейін болады.

Сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі базалық халықаралық стандарт болып табылатынын атап өтті. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс нәтижелері Қазақстанды ЭЫДҰ және ГРЕКО сарапшылары бағалайды.

Биыл күзде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазақстандық жүйесінің жоғары еуропалық стандарттарға сәйкестігін бағалау мақсатында Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) сарапшыларының Қазақстанға алғашқы сапары жоспарланған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қарауына ӘҚБтК-нің кәсіпкерлік қызмет саласындағы баптары бекітілген, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу аясында шетелдік және отандық инвесторларды қорғау тұрғысынан Антикордың әлеуетін күшейте түседі.

«Менің ойымша, әкімшілік заңнамадағы жаңа құзырет Агенттік үшін осы басым бағыттағы – кәсіпкерлікті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғаудағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті О.Бектенов.


Соңғы жаңалықтар