«Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» эстафетасы Оралда жалғасты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Жеңістің 75 жылдығына орай шеру тартқан «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» әскери-патроттық эстафетасы Оралда жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шара 1941 жылы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы құрылған Алматы қаласында биылғы 5 ақпанда бастау алған еді.

Респуликалық шара ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасына сәйкес ҚР Ұлттық ұланының қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың қолдауымен өткізілуде.

Совет Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың атын иеленген 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы жауынгерлік туының көшірмесі Жаңаөзеннен жеткізіліп, Жеңіс алаңында Ұлттық ұланның Орал полкына табыс етілді.

Туды қабылдап алған 5517-әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов оны 9 наурызда Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұлан жауынгерлеріне (6655-әскери бөлім) табыс ететін болады.

«Биыл Жеңістің 75 жылдығы кеңінен аталып өтіледі. Біз фашизмді жеңген аға буынның ұрпағымыз. Біз олардың ерліктерін әрдайым есте сақтаймыз. Бұдан былай да ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан игі салт-дәстүрлерімізді жалғастыра отырып, еліміздің нық басып, өркендеуіне өз үлесімізді қоса беретін боламыз», деді салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Сондай-ақ Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бақыт Алазов, соғыс ардагері Вениамин Скаленко патриотизмді нығайтуда мұндай шаралардың маңызы зор екендігін атап көрсетті.

Бұдан кейін 500-ден астам адам қатысқан әскери шеру болды.

Республикалық эстафетаға қатысушылар екі күн бойы Оралдағы майдангерлердің үйлеріне барып, тағзым етеді. Жастар арасында тақырыптық кештер мен ерлік сабақтарына қатысып, қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі жөнінде фильмдер көрсетіледі.

Айта кетейік, эстафета бұған дейін Алматы, Қаскелең, Ұзынағаш, Қаракемір, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Жаңаөзенде болған еді. Енді еліміздің ірі жеті қаласында өткеннен кейін шара 7 мамырда Нұр-Сұлтанда қорытындыланады.


Соңғы жаңалықтар