Біз, Тәуелсіздік құрдастары, ел ертеңі үшін еңбек ете береміз - С.Тасымғалиева, БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мен өзімді бақытты жандардың бірімін деп есептеймін. Себебі еліміз сан ғасыр бойы армандаған Тәуелсіздікке жеткен жылы өмірге келдім. Бұл туралы Шыңғырлау ауданы Қуағаш орта мектебі информатика пәнінің мұғалімі Сая Тасымғалиева мәлім етті,

Оның айтуынша, міне, тәуелсіз ел болғанымызға да 23 жыл болды. Біз осы жылдар ішінде көптеген жетістіктер мен талай белестерді бағындырдық. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көп елеулі табыстарға қол жеткіздік. Біздің алдымызда әлі де жеңіп шығар қиындықтар мен бағындырар биік шыңдар жетерлік. Әуелі біздер өзіміз саналы да тәрбиелі, білімді де жігерлі болғанда ғана, алдымыздағы сан тарау жолдар мен қамалдарды бұзып, биік мақсатқа жете аламыз. Әрбір азамат елінің өткенін үнемі жадында сақтап, ертеңгі болашағына сеніммен қадам басуы тиіс. Бізді осы күнге жеткізген ұмытылмас оқиғалар өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуы заңдылық. Осылайша, бұл тәуелсіздік күнінің оңайлықпен келмегенін келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңіру - баршамыздың міндетіміз. Бұл қасиетті шежірені, өнегені, елжандылық, отансүйгіштік, патриоттық рухты жастардың бойына дарыту - әрбір қазақстандықтың борышы.

«Мен де еліміздің одан әрі қарыштап дамуына ұстаз ретінде өз үлесімді қосудамын. Өйткені, жас ұрпаққа саналы тәрбие, жаңа заманға сай сапалы білім беруде ұстаздардың алатын орыны ерекше. Білім, өнер қуған жастарға елімізде еш шектеу жоқ. Демеу беріп, болашақта білікті маман болуға көмек зор. Осының барлығы - Қазақстанның тәуелсіз ел болуы мен Елбасымыздың кемеңгер саясатының арқасы.

Сондықтан, берілген бар мүмкіндікті молынан пайдаланып, Отанымызға адал еңбек етіп, Қазақстанды биікке жетелейік.

Киелі тәуелсіздік нұры қазақ елінде, қазақ жерінде ешқашан сөнбесін! Тәуелсіздігіміз жасай берсін!» - деді жас ұстаз.

Соңғы жаңалықтар