«Біз тапанша, дыбыс шығаратын гранаталар таптық» - Ерікті қаңтар оқиғасы туралы

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қайғылы қаңтар оқиғасы еліміз үшін үлкен сынақ болды. Алматыда жаппай тәртіпсіздік 4 қаңтарда басталды. Бандиттер жазаға тартылмаймыз деп жолында кездескенің бәрін тонап, өртеп, қиратты. Бірақ қиын жағдайға қарамастан алматылықтар бірігіп, қылмыскерлерге тойтарыс бере алды.

Жаппай тәртіпсіздікті өз көзімен көрген куәгерлердің бірі Қазақстан Қызыл Жарты айының волонтеры Әмірхан Хакимов. Ол «Қаңтар» арнайы жобасы аясында ҚазАқпарат тілшісіне көргені жайлы айтып берді.

«Мен әдеттегідей көшеге сағат 8-де шықтым. Аялдамада қоғамдық көлікті көп күттім, жан -жағымда машина жоқ еді. Абай даңғылы бойында келе жатқан бір топ адамды көрдім, кейбіреулерінің қолында жалаулар болды. Біраз уақыттан кейін жарық-дыбыс шығаратын гранаталар маған қарай ұша бастады. Үйге жүгірдім», – деп есіне алады Әмірхан.

Үйіне оралған ол аяғына шыны сынығы кіріп кеткенін көрді. Оның бұрын хирург болып жұмыс істеген зейнеткер көршісі бар еді, жарақатты сол кісі емдеп берді. Біраз уақыттан кейін жас жігітке дәрігерлер де көмектесті, абырой болғанда бәрі асқынусыз өтті.

Жағдайы жақсарғаннан кейін Әмірхан Хакимов үйде отыра алмай, басқа еріктілердің қатарына қосылып, туған қаласына көмектесуге бел буды.

Автордың фотосы

Ол жігіттермен бірге Алматы әкімдігінің ғимаратын тазалауға атсалысып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізуге көмектесі.

Автордың фотосы

«Тәртіпсіздіктен кейін біз әкімдік ғимаратын тазалауға кірістік. Бізге алдымен қалада емін- еркін жүруге, ғимаратқа кіруге рұқсат берді. Полицейлер бізді тоқтатты, тексерді, бірақ біз оларға ерікті екенімізді түсіндіріп, бейджімізді көрсеттік. Ғимаратты тазалау жұмыстары қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып жүргізілді. Біз нұсқаулықтан өттік, маска, жилет, қолғап берді. «Біздің ұйымнан еріктілер көп болмады, бірақ жалпы қаланың түкпір-түкпірінен 500-ге жуық волонтер бұл күні тазалау жұмыстарына қатысты. Үшінші қабатты тазалап жатқанда үйінділер арасынан тапаншалар, дыбыс шығаратын гранаталар, полиция киімдері, қалқандар, таяқтар табылды. Бірақ біз оларға қол тигізген жоқпыз, бәрін тіркету үшін дереу полиция шақырдық», - деп еске алды ол.

Автордың фотосы

Әмірхан Хакимов еріктілер аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік салынған сөмке таратқанын атап өтті. Олардың әрқайсысында қажетті деген тауарлар – жарма, макарон өнімдері, күнбағыс майы және басқа да өнімдер болды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылғанда әріптестеріммен бірге ақшамызды қайырымдылыққа жұмсадық. Онда әртүрлі сома болды. Мен адамдарға көмектескенді ұнатамын. Осындай қиын-қыстау кезеңде, осындай оқиғалардан кейін мен шетте қалмай, мемлекетіміздің, қоғамымыздың дамуына үлес қосқым келді», - деп түйіндеді сөзін ол.

Автордың фотосы

Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қаңтар кезінде олардың филиалдары мен волонтерлері бақылау бекеттерін ыстық тамақпен, жеке қорғаныс құралдары мен антисептиктермен қамтамасыз еткен.

Анықтама үшін:

Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл жарты ай қоғамы федерациясының қолдауымен Қаңтар оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі гуманитарлық операция аясында Қазақстанның Қызыл жарты айы Төтенше көмек қорының (DREF) операциясы аясында Алматы, Тараз, Қызылорда және Талдықорған қалаларына 700 азық-түлік сөмкесін тапсырды. Бұдан бөлек Алматы қаласында жұмыссыз қалған 855 шағын және орта бизнес қызметкеріне және Алматы облысында 45 жұмысшыға материалдық көмек көрсетілді.

Қаңтар оқиғасына байланысты Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамы Алматы қаласы мен Алматы облысының медициналық мекемелері мен Ұлттық ұланның санитарлық бөлімшелеріне қолдау көрсетіп, медициналық мақсаттағы 781 750 бұйымды сыйға тартты. Сондай-ақ республика бойынша қан мен оның компоненттерін тапсыру үшін жылжымалы пункттер ұйымдастырылды.

Редакциядан:

ҚазАқпарат ХАА ұжымы Алматыда және Қазақстанның басқа да өңірлерінде бүгінгі кейіпкеріміз Әмірхан Хәкімов сияқты Қантар оқиғасы кезінде өз қаласын қалпына келтіріп, айналадағыларға көмек қолын созған талай қазақстандықтың болғанына сенімді. Біз оқырмандарды осындай оқиғаларды бөлісуге шақырамыз. Бізбен [email protected], [email protected] электронды поштасы арқылы хабарласуға болады.

Бізбен әлеуметтік желілер арқылы да байланысуға болады:

Telegram: @qazaqparat_kz, @kazinform_news

Facebook: @KazakparatKZ, @Казинформ

Instagram: @qazaqparat_kz, @kazinform.

Қаңтар қасіреті жайлы айтылмаған оқиға қалмауы керек.


Соңғы жаңалықтар