Біз шептен шыққан жоқпыз – қақтығыс кезінде жараланған жауынгер
2022 жылғы 12 қаңтар 13:10

Біз шептен шыққан жоқпыз – қақтығыс кезінде жараланған жауынгер

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Атырау қаласындағы қақтығыс кезінде жарақат алған қатардағы жауынгер Диас Самат өзінің шепті тастап кетпегенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың айтуынша, Атыраудағы тәртіпсіздіктер кезінде 28 сарбаз түрлі жарақат алды.

Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Тау ауылында туып-өскен Диас Самат.

Атырау қаласында ол қызмет ететін 5546-әскери бөлім жауынгерлері 5 қаңтар күні облыс әкімдігі ғимараты тұрған орталық алаңда шеп құрып, сондай-ақ әскери қалашық пен қару-жарақ қоймаларын күзетіп тұрды.

«Бастапқыда бейбіт митингі болды. Бізге бейбіт халыққа күш қолданбай, тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бұйрық болды. Алайда кенеттен белгісіз жастар бізге шабуыл жасап, қолға түскен тас, темірді лақтырды. Газ баллоншаларын қолданды. Әп-сәтте айнала төбелеске айналып кетті. Алдыңғы лекте тұрған менің оң жақ самайыма тас па, тротуар сынығы ма, қатты бір нәрсе тиіп, қан ақты. Қатардағы қызметтестерім алғашқы медициналық көмек көрсетті. Алған жарақатыма қарамастан, шепті тастап кетпей, әскери міндетімді орындауды жалғастыра бердім», деді Д.Самат.

Атырау қаласының тұрғыны Гүлжайна Алпысбаева үлгілі тәртіп пен батылдық, ұйымшылдық танытқан Ұлттық ұлан жауынгерлері мен полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.

«Осынау қиын күндері сарбаздар Қазақстан халқы мен әскери антқа адалдығын көрсете білді. Мұндай мысалдар аз емес», деді 5546-әскери бөлім командирі, подполковник Манат Наукеев.

Қазіргі кезде аталмыш бөлімнің жеке құрамы Атырауда полиция мен Қарулы күштермен бірге блокпостарда қызмет етуде, маңызды мемлекеттік нысандарды, әуежай мен теміржол вокзалын күзетуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Ұлттық ұлан содырлармен ұрыста қаза тапқан боздақтарды еске алғанын жазған болатынбыз.



Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT