Біз реформаларға тың серпін беруіміз керек – Мемлекет басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Дегенмен, еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақмерзімді дамуын естен шығармауымыз керек. Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған дағдарысты бастан кешіруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. Дей тұрғанмен болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен күрделі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды. Әлемдік аренада абырой-беделге ие болды.

«Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта ұлт жоспарын және 5 институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп алуымыз қажет. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар