Біз мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек - Бердібек Сапарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы әр отбасында болатын әлеуметтік картаны әзірлеу жұмыстары 1 шілдеге дейін аяқталады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмек-қолдаулар туралы айта келе Бердібек Сапарбаев бір мәселені ерекше атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, балаларына мектепке барғанда тегін тамақ беру, балабақшаға орналастыру, лагерьге тегін апару, киім немесе оқулық алып беру секілді жұмыстарды ата-аналар айтып жатады. Бұл жұмысты жергілікті билік өкілдерімен ары қарай жалғастыратын боламыз. Министрлік ай сайын бәрін қарап отырады. Жаңа Гүлшара Наушақызы (Үкімет басшысының орынбасары) Елбасының берген тапсырмасын айтты. Бұл жерде бір нәрсе бар: Біз мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек. Сондықтан, жергілікті билік өкілдерімен бірігіп, әр отбасының әлеуметтік картасын жасап жатырмыз. Осы 1 шілдеге дейін ол дайындалады. Содан кейін қосымша көмектер көрсетілетін болады», - дейді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетсек, Үкіметтің баспасөз орталығында 160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын мәлім еткен болатын. Оның айтуынша, ол шамамен - 806 мыңдай халық. Берілген талаптарға сай келмегендіктен, 10 мың отбасыға АӘК тағайындалмаған.

Аталмыш жиында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары қорытындыланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар