Біз біргеміз: Түркістан облысында 10 мыңнан астам отбасыға көмек көрсетілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Біз біргеміз!» акциясы аясында азық-түлік алған отбасылар саны 10 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісай ауданында 1 450, Сарыағаш ауданында 910 және Кентау қаласында 740 отбасыға көмек берілген. Өңірде игі бастаманы Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы және аудан, қалалардағы филиалдары үйлестіруде. Акцияны жүзеге асыру облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында тұр. Коронавирусқа қарсы күресті күшейту мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесу мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-корпоративтік даму қоры құрылып, кәсіпкерлер қомақты үлес қосты.

Қорға мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын аударса, жеке демеушілер мен аудандық мәслихаттардағы партия фракциясының мүшелері, депутаттар айрықша көмектесіп жатыр. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелері мен аудан-қала әкімдіктері де қолдау көрсеткен.

Азық-түлік қоржыны партияның аудан, қалалық филиалдары арқылы «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» жобалары бойынша мұқтаж жандарға жеткізілуде. Өз кезегінде «жасотандықтар» мен ерікті жастар да, партия қызметкерлері де демалыссыз жұмыс жүргізуде. Олар елдімекендерді аралап, көмек жеткізген. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, партия филиалының әлуеметтік желідегі парақшаларына тұрғындардан өтініш өте көп түсуде.

«Біз мейлінше әрбір өтініштің орындалуына күш салып жатырмыз. Он мыңнан астам отбасыға азық-түлік жеткізілді. Әлі де көмек сұрағандар көп. Мақсатымыз – көмекті шын мұқтаждарға жеткізу. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек туралы айтты. Nur Otan партиясының да жемісті жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. «Біз біргеміз!» акциясы арқылы көмекке ие болған тұрғындар ризашылығын білдіріп жатыр. Өз тарапымыздан партия қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, аудан, қала әкімдері мен «жасотандықтарға», ерікті жастарға және қиын кезеңде түсіністік танытып отырған елге алғысымызды айтамыз. Бұл қиындықты бірге жеңіп шығамыз», – дейді ол.

Айта кетейік, «Біз біргеміз!» акциясы елімізде төтенше жағдай аяқталғанға дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар