Biz birgemiz: Өңірлерде волонтерлер мұқтаж жандарға қалай көмектесіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адамзатты алаңдатып қойған аты жаман ауру, өкінішке қарай, Қазақстанды айналып өткен жоқ. 13 наурыз күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылғанын мәлім етсе, бүгін ауру жұқтырғандар саны 35-ке жетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елде төтенше жағдай енгізілді. «ҚазАқпарат» тілшісі осындай сын сағатта қолдан келген көмегін аямаған кәсіпкерлер мен волонтерлердің әрекетіне шолу жасады.

ОРАЛДА ТЖ КЕЗІНДЕ 300-ДЕН АСТАМ ВОЛОНТЕР ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР

Батыс Қазақстан облысы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма жанынан құрылған «Ақ жайық жастары» волонтерлік қозғалысы Мемлекет басшысы елімізде төтенше жағдай жариялағаннан кейін халықтың көмекке мұқтаж тобына көмектесу туралы шешім қабылдаған.

«Біз соғыс ардагерлері, көпбалалы аналар және жалғызбасты адамдарға көмек көрсетеміз. Көмекті қажет ететін отбасыларға азық-түлік жеткізіп беру және азық-түлік бағаларына мониторинг жасау сияқты екі бағытта жұмыс істейміз. Әр волонтердің мониторинг жасау бойынша белгіленген өз учаскесі бар. Ал азық-түлік жеткізуге келер болсақ, осы уақытқа дейін 70-тен астам мекенжайға бардық. Бұл бағытта біз екі түрлі әдіспен жұмыс істейміз: қайырымды жандар алып қойған азық-түлікті жеткізіп береміз немесе үйден шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға азық-түлік сатып алып, жеткізіп береміз. Олар бізге чекте көрсетілген ақшаны береді», - дейді Батыс Қазақстан облысы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Нұрхат Ораш.

Орал қаласында Төтенше жағдай кезінде 300-ден астам волонтер жұмыс істейді.

«Ал біздің сайтымызға 7 мыңнан астам волонтер тіркелген. Көмекке мұқтаж адамдар бізді көбінесе сайт арқылы табады және WhatsApp арқылы хабарласады», - дейді ол.

ӨСКЕМЕНДІК ВОЛОНТЕРЛЕР ДӘРІ-ДӘРМЕК ЖЕТКІЗУМЕН АЙНАЛЫСУДА

Өскемен қаласындағы волонтерлер де қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізумен айналысуда. https://kaz.inform.kz/news/volonterler-karttar-men-mugedekterge-azyk-tulik-dari-zhetkizip-beredi_a3625979

«Коронавирустың алдын алу мақсатында қаламызда волонтерлердің бастамасымен қарттарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу қызметі іске қосылды», - дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

1981 ЖЫЛҒЫ ВОЛОНТЕРЛЕР ЭСТАФЕТАНЫ 1980 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕРГЕ БЕРДІ

Төтенше жағдай кезінде еріктілер азық-түліу, дәрі-дәрмек жеткізумен шектеліп жатқан жоқ. Қостанайлық волонтерлер мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, ауыл ішіндегі қар тазалау жұмыстарына атсалысуда.

Амангелді ауданы орталығындағы 3 мектептің 1981 жылғы түлектері аз уақыт ішінде аудандағы 7 отбасыға жақсылық жасады. Олар қайырымдылық эстафетасын Амангелді ауданының 1980 жылы туылған түлектеріне жолдап, сауапты шара жалғасын тапты.

«МЕНІҢ ПОДЪЕЗІМ – МЕНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫМ» ЧЕЛЛЕНДЖІ

Ал Ақмола облысының жастары коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында жаңа челлендж бастап кетті.

«Менің подъезім – менің денсаулығым» челленджі барысында жастар облыс орталығындағы тұрғын үйлер мен ірі сауда үйлерінің кіре берісін тазалап, сүртіп, коронавирус инфекциясының алдын алу туралы жадынама таратуда. Бұл да – аты жаман індеттің алдын алуға арналған әрекеттердің бірі.

КОЛЛЕДЖ ВОЛОНТЕРЛЕРІ МАСКАНЫ ТЕГІН ТАРАТУДА

Түркістан облысының еріктілері өңірде сақтық шараларын жүргізуге қолғабыс етуде.

Төлеби ауданындағы медицина колледжінің волонтерлері 100 дана медициналық масканы қолдан тігіп, көпбалалы отбасыларға беруде. Жастар сондай-ақ, қоғамдық орындарда арнайы дайындалған жадынама таратып жүр. Соынмен қатар, түсіндіру жұмыстарымен де айналысады.

***

Осылайша еліміздің батысы мен шығысында, солтүстігі мен оңтүстігінде қиын сәтте мұқтаж жандарға қол ұшын созған волонтерлер ұазақстандықтардың ризашылығына бөленіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар