Біз біргеміз: Нұр-Сұлтанда 5 мыңнан астам мұқтаж отбасы көмек алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен және волонтерлермен бірлесіп, карантин кезінде мұқтаж отбасыларға әлеуметтік маңыз бар азық-түлікпен гигиеналық пакеттер таратуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз біргеміз» акциясын жариялағанын білесіздер. «Nur Otan» партиясының акциясы аясында қаражат бөлінді және біз өмірлік қиын жағдайға тап болған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, қарт адамдарға көмектесеміз. Нұр-Сұлтан қаласында - 5 мың, Алматыда - 7 мыңнан астам отбасын қамтимыз. Әлеуметтік пакет әзірлейміз. Сонымен қатар гигиеналық пакеттер де таратамыз. Оған маска, антисептик, дымқыл және құрғақ майлық, кір сабын және иіс сабын кіреді. Акцияға волонтерлер жұмылдырылған. Олар бізге көмектесіп жатыр», - деді «Jas Otan» жастар қанатының атқарушы хатшысы Жанат Шүкеев.


Оның нақтылауынша, әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтардың тізімі әкімдіктен алынады. Содан кейін жастар ұйымдарының мүшелері мен еріктілер азық-түлік пен гигиеналық жиынтықты мұқтаж отбасыларға таратады.

«Нұр-Сұлтан қаласында жалпы 400 ерікті жұмылдырылып отыр. Бұл акция 19 наурыз күні басталды. Осы күндердің ішінде 1 300 отбасын қамтыдық. Жоспарымызда елорда бойынша 5 мыңнан астам отбасын қамту бар. Бүгін 500 отбасыға көмек таратуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.


Акция сәуір айына дейін жалғаспақ.

«19 наурыздан «Magnum» сауда үйінен қойма алдық және осы жерде азық-түлік пен шаруашылық тауарларын жинақтаймыз. Қолдауды қажет ететін жалғыз басты қарттар, көп балалы отбасылар бар. Біз күн сайын шамамен 500 қорап жинақтап, мұқтаж отбасыларға таратамыз. Мұндай жиынтықты елорданың 4 ауданында таратамыз. Әр ауданда 125 отбасыдан бар», - деді «Jas Otan» жастар қанаты елорда филиалының төрағасы Бақдәулет Жанділдаев.


Соңғы жаңалықтар