Біз біргеміз: Елордада 13 мыңнан астам қала тұрғыны қар күреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Біз біргеміз» челленджі аясында 13 мыңнан астам адам қар күреді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Волонтерлер штабының төрағасы Шыңғыс Тлеулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан қаласы Волонтерлер штабы биыл 9 қаңтарда құрылды. Бұл ұйым волонтерлерді 7 бағыт бойынша үйретеді, сондай-ақ қаладағы барлық волонтерлік жұмыстарды басқарады», - дейді Шыңғыс Тлеулин.

Ол қанша волонтер қар күреуге көмектескенін айтты.

«Бүгінге дейін 13 мыңнан астам адам кемі бір күн волонтер болып, әлеуметтік көмекті қажет ететін топтарға көмектесіп, олар тұратын жерге барып қар күреді. Бұл - «Лесозавод», «Оңтүстік-Шығыс», 40-шы станса сияқты қала шетіндегі аудандар», - дейді ол.

Көмек көрсету екі апта бұрын басталған «Біз біргеміз» челленджі арқылы жүзеге асқан.

«Бұл челлендж әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Қар әлі де қалыңдап жауып жатыр, сол себепті қар күреген аудандарға тағы барып күрейміз, өйткені ол мекенжайларда қариялар, ҰОС ардагерлері, көпбалалы жалғызбасты аналар, мүгедектер сияқты көмекке мұқтаж адамдар тұрады. Бұл жолы бізге ЖОО-лар ғана емес, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жеке меншік компаниялар қолдау білдірді», - дейді Волонтерлер штабының төрағасы.


Соңғы жаңалықтар