Біз біргеміз: Арыстағы жағдай туралы жаңа ән жарыққа шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыстағы қайғылы оқиғаға арналған «Біз біргеміз» атты жаңа ән жарыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбайға сілтеме жасап.

Қазақстандық жұлдыздар 24 маусымда жарылыстан зардап шеккен Арыс пен оның тұрғындарына арнап ән жазды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Біз біргеміз!» деп аталатын жаңа туындының әнін жазған - талантты композитор Ринат Гайсин, ал сөзі - айтыскер ақын Данияр Алдабергеновтыкі.

«Бұл шығармада арыстықтар бастан өткерген қиын-қыстау күндер туралы айтылады. Шағын қаладағы қайғылы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Бүкіл қазақстандықтарды біріктірген оқиға туралы әнді бірқатар қазақстандық жұлдыздар бірге шырқаған» делінген хабарламада.

Жаңа туындыны Жанар Доғалова, Нұрболат Абдуллин, Диная, Маржан Арапбаева, Бейбіт Қошқалиев, Әли Оқапов, Айри және Нұржан Керменбаев секілді әншілер орындайды.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Соңғы жаңалықтар