Біз балаларды құтқаруды ғана ойладық –Атыраулық полицей

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының Жарлығымен Атырау қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Қуандық Сүйіндіков пен полиция аға лейтенанты Тимур Балмағанбетов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бейбіт күннің батырларына мемлекеттік награданы ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев табыс етті, деп хабаарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, полиция қызметкерлері биылғы қаңтарда Жайық өзенінде мұз астына түсіп кеткен екі баланы құтқарған еді. Қауіп-қатерге бас тіксе де, олар өздерін батыр санамайды. «Біз тек балаларды құтқаруды ғана ойладық. Біздің орнымызда өзгелер болса, олар да дәл солай әрекет етер еді», - дейді олар. Бейбіт күннің батыры атанған полицейдің бірі Қуандық Сүйіндіков сол күнгі оқиғаның қалай өрбігенін былайша еске түсіреді

–Биылғы 4 қаңтарда полиция аға лейтенанты Тимур Балмағанбетовпен бірге кезекшілікте едім. Кешкі сағат 19:40-та кезекші бөлімінен Жайық өзеніне 4 баланың суға батқаны жөнінде шұғыл хабар түсті. Дереу қызметтік көлігімізбен Жайыққа өзенінің жағасына жеттік. Кешкі мезгіл болғандықтан, айнала қараңғы еді. Оның үстіне қалың тұман түсті. Өзен үстінен ештеңе көрінбейді. Тек балалардың «Құтқарыңдар» деген даусы үзіліп естіледі. Дауыс шыққан жаққа бағыт алдық. Тез жеткіміз-ақ келеді. Бірақ, мұздың үстімен жүгіруге болмайды. Өйткені, жұқа мұз ойылып кетуі мүмкін. Мұз үстімен еңбектеп жүруге тура келді.

–Балалар ойнап жүріп, мұзға түсіп кеткен бе?

–Бұл жерде балаларды кінәлауға болмайтын шығар. Кезінде өзіміз де бала болып, ойынның қызығына берілдік ғой. Бұлар да ойынның қызығымен қараңғының түскенін байқамаған. Мектеп жасындағы 4 бала мұз үстінде ойнап жүріп, жағадан 15 метрге дейін алыстаған. Жұқа мұз ойылып, төртеуі де суға түсіп кеткен. Біреуі 102 нөміріне телефон шалып үлгерген. Балалардың біреуі өз бетімен мұз үстіне шығып үлгерген. Ал, біреуі суға батып, оны құтқарып қалу мүмкін болмады.

Біз балалардың даусы шыққан тұсқа жақындағанда, мұздан 2 баланың басы көрініп тұрды. Тимур екеумізге бірдей жақындауға болмайды. Себебі, біздің салмағымызбен мұз одан сайын ойылып кетуі мүмкін. Сондықтан, Тимур менің аяғымнан ұстап, мен балаларға қолымды создым. Әуелі біреуін, кейін екіншісін судан шығарып алдық.

–Балаларды судан шығарғанда, жедел жәрдем күтіп тұрған болар?

–Иә, шұғыл хабарды алғаннан кейін жедел жәрдемге, төтенше жағдай қызметіне хабар бердік. Балаларды құтқарған сәтте олардың әбден жаурап, тоңғанын көрдік. Киімдері де суған малшынған. Қол-аяқтары құрысып, сөйлеуге шамалары келмеді. Үстіндегі су киімдерін шешіп алып, өзіміздің киімімізге орап алдық. Сөйтіп, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырдық.

–Өміріңді қатерге тігу оңай емес, қорқыныш болған жоқ па?

–Шынымды айтсам, сол сәтте тек балаларды құтқарудан басқа ештеңе ойлап үлгермедім. Кейін Тимурдан да сұрадым. Ол да тек балаларды құтқаруды ойлапты. Өйткені, біз полиция қызметкерлеріміз ғой. Кез келген уақытта көмек беруге дайын болуымыз керек. Бұл –біздің міндетіміз. Сондықтан, сол күні біз тек балалардың өмірін сақтап қалуға ұмтылдық. Ал, қорқыныш дейсіз бе, есімде жоқ. Бірақ, бізге қорқынышқа бой алдыруға уақыт болмады. Егер біз қорқатын болсақ, қоғамның тыныштығын кім күзетеді? Кім қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды? Осы тұрғыдан айтқанда, біз өз міндетімізді ғана орындадық.

–Полиция қатарында қашаннан бері жұмыс істейсің?

–Қоғамдық тәртіп күзетшісі болу –бала күннен бергі арманым. Сондықтан, 2014 жылы осы салаға жұмысқа тұрдым. Содан бері полиция қатарында қызмет атқарып келемін. Ал, Тимур әріптесім бұл салаға 2018 жылы келді.

–Өздеріңді бейбіт күннің батыры дегенге келісесің бе?

–Бұл енді артықтау айтылған теңеу шығар. Шын мәнінде біз ерлікке жатқызатындай ерекше әрекет жасаған жоқпыз ғой. Біздің орнымызда өзге адамдар болса, солар да біз секілді әрекет етер еді. Сондықтан, ерлік жасадық деп ойламаймын. Біз қызметтік міндетімізді адал атқарып жүрміз.

Ал, дұрысында нағыз ерлікті жасаған біз емес. Нағыз батырлар –Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлеріміз. Тылда еңбек еткен аталарымыз бен әжелеріміз. Олар бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмірі үшін қар жастанып, мұз төсеніп, жауға қарсы соғысты. Тылдағы еңбекте маңдай терін төкті.

–Әңгімеңе рахмет.


Соңғы жаңалықтар